KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 1 м/с, СШ
478.54 533.76 5.17

Майя ВЕРОНСКАЯ, тележүргізуші: – Еңбек жолымды «Қазақстаннан» бастағам

3.05.2012, 18:00 94


– Эфирдегі Майя көзі қырағы көрерменге таныс, ал өмірде қандайсыз?

– Теледидардан қалай көрінсем, сондаймын ғой… Менің мінез-құлқым һәм болмыс-бітімім жөнінде өзгелердің айтқаны дұрыс шығар.
Отбасым жайында айтар болсам, әкем – тіл маманы әрі аудармашы, анам – дәрігер. Бауырларым да бір-бір мамандықтың иесі, бірақ біздің шаңырақтан көпшіліктің көз алдында жүрген – мен ғана.

– Ұлтыңыз орыс болғанмен, қазақтілді тележүргізуші ретінде танылдыңыз. Мемлекеттік тілді үйреніп қана қоймай, сол тілде хабар жүргізуіңіздің сыры неде?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, әкем – филолог. Содан болар, кішкентайымнан «Қызым, қазақ тілін жетік білуің керек» деп айтып отыратын-ды. Менің баста-уыш сыныпты орысша оқығаныма қарамастан 5-сыныпқа көшкенде Ш.Уәлиханов атындағы №12 қазақ орта мектебіне ауыстырып, қазақ тілін меңгеруіме әсер етті. Мектеп бітіргеннен кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ филологиясы факультетінің аударма және құжаттану бөліміне оқуға түстім. Мектеп пен жоғары оқу орнында қазақ тілінде білім алғандықтан, хабар жүргізуде тіл жағынан қиындық көрген емеспін.

– Телевизияға қалай келдіңіз?

– Ең алғаш 2005 жылы құрбы-құрдастарыммен телевизиялық бағдарламалардың түсірілімдеріне қатысып, көрермен есебінде белсенділік танытып жүрдік. Әсіре-се, «Хабар» арнасындағы «Луч-ше быть здоровым» хабарының шығарылымдарында өзіндік ой-пікірімізді айтып тұратынбыз. Сөйтіп, телевизияға қызығушылығым оянып, бағдарламаның әр санын жібермейтін болдым. Бұны байқаған сондағы мамандар мені көп ұзамай жүргізушінің көмекшісі етіп қабылдап, ынта-ықыласымды одан сайын арттырды. Келген қонақтарға микрофон ұсынып, кадр сыртындағы өзге де жұмыстарды атқарып жүрдім. Бірде реті келгенде телеарнаның редакторларына бір хабарды жүргізуге қабілет-қарымымның жететінін, қазақ тілінде еркін сөйлей алатынымды айтқанмын. Олар маған сенім артса керек, сол жылдың күзінде «Қазанстан» бағдарламасын жүргізуге шақырды…

– Сіз жүргізген алғашқы хабардың атауы қызық екен…


– Атауы ғана емес, мазмұны мен берілу формасы да қызық болатын. Қазақстан халықтарының достығын нығайтуға бағытталған, еліміздегі 130-дан астам ұлт өкілдері сүйіп тамашалайтын бағдарлама еді. Өкінішке қарай, арада бір жыл өткен соң «Қазанстан» жабылып қалды. Алайда сол мезетте телеарна басшылығы «Көңілашар» атты таңғы ақпараттық-сазды бағдарламасына шақырды. 2006 жылдан бері ұлттық арнада тележүргізушімін.

– Сіздің ойыңызша, отандық телевизия саласындағы кем-кетіктер қандай?

– Ойландыратын сұрақ… Кемшілік демей-ақ қояйын, мендегі бір тілек – төл бағдарламаларымыз, яғни, қазақтың иісі «шығып тұратын» жобаларымыз көбейсе екен. Мысалы, ұлттық өнеріміз – айтысты неге кеңінен насихаттамасқа?! Шетелдік хабарларды көшіріп, оны елімізде көрсеткеннен гөрі, жаңағы мен айтқан жобаның маңыздылығы, соның ішінде жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол деп есептеймін.

– «Қазіргі тележүргізушілер эфирге ашық-шашық, құдды, тойға барғандай жылтыр түсті киіммен шығуға әуес, оған қоса тілді бұзып сөйлейді» деген пікірмен келісесіз бе?


– Киімге келер болсам, әр телеарнаның өзіндік бағыты бар. Мәселен, кейбір арнаның өкілдері эфирге джинсы матасынан жасалған киімдермен шыға берсе, бізге ондайға рұқсат жоқ. Ұлттық арна болғандықтан бізге қояр талап өзгеше. Қыз-келіншектердің көбіне-көп көйлек киіп шыққаны құпталса, түрлі жазуы бар, бірнеше түстен құралған киімдерді мүлдем кимейміз. Себебі, алдымен көрер-мендерімізді сыйлауымыз қажет.
Ұлттық арнада «көшенің тілінде» сөйлейтін, жоғары білімі жоқ адамдар тележүргізушілікке алынбайды. Ал «көзі ашық, көкірегі ояу» жанның кітап оқымауы мүмкін емес секілді…

– Осы ретте, соңғы оқыған шығармаңызды айтып өтсеңіз.


– Негізгі жұмысым – адамдармен қарым-қатынас болғандықтан кез келген көрерменмен бірден тіл табысуға міндеттімін. Сондықтан да психологиялық бағыттағы кітаптарды көп оқимын.
Бірер апта бұрын Ә.Нұр-шайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» мен П.Коэльоның «Алхимик» кітаптарын қайта парақтап шықтым.

– Ал тележүргізушілердің әлеуметтік жағдайы қандай?

– Еңбекақымыз жоғары деп айта алмаймын. Біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жатқан жайымыз бар.

– Әңгімеңізге рақмет!




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив