KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 2 м/с, СШ
479.23 534.96 5.16

Сен сұлу едің ғой...

25.04.2012, 18:00 391


Ауылға келін түскен күн балалар үшін бір мейрам еді. «Келін келе жатыр», «келін келе жатыр» деп бүкіл ауылды басымызға көтеріп қуана жүгіретінбіз.

Шашуды шашау шығармай жинап алатын да біз. Томпиған ақ бауырсаққа да бір тойып қалатын едік. Ертеңінде той қызығын біз де сөз етіп, «енді ауылдағы қай аға үйленеді екен» деп кәдімгідей әңгіме-дүкен құратынбыз.
– Енді Айдар аға үйленетін шығар, – дейді Нұрдәулет.
– Қайдағы оның қызы жоқ, – дейді Сұлтан.
– Қызды алып қаша салады ғой, – дейді Нұрдәулет те беріскісі келмей.
Бірақ келесі жолы Айдар аға емес менің туысқан ағам, яғни әкемнің ағасының ұлы үйленді. Жеңгем шынында да сұлу екен. Ай десе аузы, күн десе көзі бар. Аппақ дидары көрген жанның көзін қарықтырады. Мінезі де ашық-жарқын. «Қайын сіңлім» деп мені өзіне жақын тартады. Жеңгемнің қасында жүрген маған да ұнайды. Үйге кеш түскенде бірақ баратын болып алдым. Мұным анама ұнамайды.
Шын айтамын, менің де жеңгем секілді сұлу болғым келеді. Тура жеңгем секілді. Осындай сұлу қызды ағам қайдан тапқан десеңші. Бірақ, тойдан кейін біраз күндер өткен соң ағам мен жеңгем қалаға кетіп қалды... Сұлу жеңгемді біраз уақыт есімнен шығармай ойлап жүрдім. Есейдім бе, әлде басқадай себебі бар ма, енді ауылға жаңадан түскен келіндерді жеңгеммен салыстыратын болдым. Кейбіреуі көңіліме ұнамаса, «түк те сұлу емес» дейтін едім жасырмай. Кейін біз де ол ауылдан көшіп кеттік.
...Жеңгемді арада біраз жылдар өткен соң бірақ көрдім. Алғашында танымай қалдым. Баяғыдағы сұлулықтың ізі де жоқ. Қыпша бел, қиылған қас жеңгемнің орнында жардай болып бір әйел тұр. Оның бойынан көп жылдар бойы көңілімде аялаған бейнені қанша іздесем де таппадым. «Жеңге, сен сұлу едің ғой...». Көкейімдегі осы сөзді оған айтуға қанша оқталсам да, айта алмадым...





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив