KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 2 м/с, СШ
479.23 534.96 5.16

Жақсы оқитын Гүлжанға жаным ашыды

22.04.2012, 18:00 212


177-ші аудиторияға барсам, ешкім жоқ. Оқытушы да, студенттер де көрінбейді. Мыналардың бәрі қайда кеткен... Ұзын дәліздің арғы, бергі жағындағы есіктердің бәрін қағып, «сырттай оқитын үшінші курстың студенттері бар ма?» деп сұрап жүрмін. Жүгіріп деканатқа бардым. Онда отырған сұр жейделі қыз аяғымнан басыма дейін бір рет қарап шығып, иығын қиқаң еткізді. «Өй, шыбыш неме, шілбиген. Айтпайсың ба, жөнін?» деп дүрсе қоя бергім келді. Енді қайтейін, таңертең келген басым аудиториямды әлі таппай жүрмін. Сабақ басталып кеткен де шығар ендігі. Сіріңке қызға бір алара қарап алып, қайтадан сыртқа қарай ұмтылдым.
Ух, оқытушымды таптым-ау әйтеуір. Өзінің студенті екенімді, жұмыстан сұранып, жығылып-сүрініп жеткенімді айтып жатырмын. «Бәленбай деген тақырыпта СРС жазып алып кел, сосын маған көрсетерсің, ал енді жұмысыңа бара бер» деген оқытушыма «Лекция ше? Лекция болмай ма, апай?» дедім аптыға сөйлеп. «Ешкім жоқ қой, көріп тұрсың?» деп өзіме сұраулы жүзбен қараған онымен қош айтысып, амалсыз үйді бетке алдым.
Сөйтіп жүргенде сессия да келді. Бір лекция өтті, бірі өткен жоқ. Былтыр көп-көрім лекция тыңдап едік, биыл бәрі басқаша болды. Группадағы он екі студенттен үш-төртеу ғана келеміз. Оларды іздеп жатқан жан жоқ. Бар уайымым – алдағы сынақ.
Сессия басталған күні есіктің алдында емтихандарды қалай тапсырар екенмін деп қу шүберектей болып тұр едім, қасыма келген Марат «Бәке, әр пәнге бес мың теңгеден жинап беретін болдық, саспа» деді иығымнан қағып-қағып жіберіп. Мәссаған, бұл айда айлықсыз қалам екен ғой. Зачет, сынақ, тіпті, бір айлығымнан асып та кетеді екен. Біреуден қарыз алармын, тәйірі, сессиядан өтсем болды ғой. Жан-жағыма ұрлана қарадым сосын. Қылмысы-мызды біреу біліп қоймай ма деген оймен. Бір жағы қуанып, бір жағы қысылып кеттім. Көзім Гүлжанға түсті. Қыстығып жылап отыр екен. Лекциядан қалмай күні-түні сабақ оқып жүрген арамыздағы жалғыз қыз да бізбен бірге ақша төлемесе, бағасы төмендетіліп қалатынын білемін. Бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін деген бар бізде. Жаным ашып кетті.

Жанаргүл Мұқатай




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив