KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

RADIO ALTAY жаңалықтары - 20 сәуір 2012 жыл

19.04.2012, 18:00 167


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY


Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Шығыс Қазақстан облысы Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВТІҢ төрағалық етуімен мерзімінде өтелмеген жалақы қарызын жою жөніндегі жұмыс комиссиясының селекторлық режимдегі мәжілісі болып өтті. Облыста жалақы бойынша берешектің көлемі өсе түскен. Облыстағы жалпы жалақы қарызы 103 миллион теңгені құрап отыр.

Алматыда «Білім және мансап – 2012» Қазақстандық халықаралық көрме өтті. Оған бірқатар елдерден 120-дан астам білім мекемесі қатысты. «Білім және мансап» көрмесі 13 жыл бойы Қазақстанның, алыс және жақын шет елдердің білім мекемелеріне заманауи оқу технологияларын, жаңа оқу бағдарламаларын, оқу құралдарын ұсыну мүмкіндігін беріп келеді.

Жиырма төрт жасында Кеңес Одағының Халық әртісі деген жоғары атаққа ие болған Күләш Байсейітованың көркем бейнесі ұлттық музыка өнерінің мақтанышы болып қала бермек. Бұл туралы Астанада Күләш Байсейітованың 100 жылдығына арналған салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мәлім етті.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі аймақтық комиссияның отырысында белгілі болғандай, облыстың Өскемен, Курчатов қалаларына, Катонқарағай, Глубокое аудандарына аталған бағдарлама бойынша бөлінген несие қаржысы толық игерілмеген. Соның ішінде Өскемен қаласында 116 миллион теңге игерілмей қалған.

Үржар өңірінде үстіміздегі жылы барлық егілетін егістік көлемі 136 мыңдай гектар. Бұл бұрынғы жылдарға қарағанда әлдеқайда аумақты алқап. Биыл 22,5 мың гектар суармалы жерді игеру жоспарлануда, оның ішінде 4 мың гектар жер 50 дана «Фрегат» жаңбырлатқыш қондырғылары арқылы, 1 мың гектар жер тамшылатып суару әдісі бойынша игеріледі.

Зырян ауданы Жаңа Бұқтырма кентінің полиция бөліміне келген 82 жастағы зейнеткер қорасынан асыл тұқымды үш тауығының жоғалып кеткендігін айтып берді. Полицейлердің қызу жұмысының нәтижесінде кешке қарай ұры да ұсталды.




Күндізгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Зайсан ауданында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен семинар-кеңес өтті. Оған облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысып, ауданда атқарылып жатқан істерге оң баға берді, облыстық тамыз конференциясын Зайсан қаласында өткізу туралы өз ұсынысын айтты.

Шығыстан шыққан елімізге есімі әйгілі металлург Ахат Күленовтың туғанына сексен жыл толу құрметіне орай, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бастама көтеруімен, облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ұйымдастыруымен «Алтай» технопаркінде «ХХІ ғасыр: металлургиядағы инновациялық технологиялар. Мәселелері. Келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Бір кездері Қазақстаннан Еуропаға көшіп кеткен өзге ұлт өкілдері елімізге қайта оралуда. – Қазақстандағы экономикалық тұрақтылық араға бірнеше жыл салып қазақ жеріне оралуымызға сеп болды, – дейді неміс қызы Ольга Полекова. Қазір ол «Қазақстандағы неміс қоғамдық қауымдастығында» жастар бөлімінің сарапшысы болып жұмыс істейді.

Биылғы бірінші мамырдан бастап телефон байланысы қызметтерінің бағасы көтеріледі. Бұл туралы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Үржар аудандық ішкі істер бөліміне осы өңірдің 1955 жылғы тұрғыны шағымданды. Жұмыссыз жүрген жанды жергілікті полиция қызметкерлеріне жүгінуге мәжбүрлеген жылқысының жоғалып кетуі екен. Қолға түскен 70 жастағы зейнеткер ақсақал тергеу барысында жәбірленушінің қорасында тұрған жылқыны түн қараңғысын пайдаланып қолды қылғанын мойындады.

Зырян ауданындағы ағаш материалдарын дайындаумен айналысатын «Фаворит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы өндірісте бірнеше жаңа жүйені іске қосқан еді. Соның нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өндірілген өнім көлемін анағұрлым арттыра отырып, түскен табыс көлемін де үш есеге көбейтті.

Танертеңгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Шығыс Қазақстан облысында Черемшанка-Риддер және Семей-Бородулиха арасында қатынайтын қосымша ауданаралық автобус бағыттары ашылды. Күнделікті облысішілік жолдарда жолаушы тасымалдайтын мың жарымдай автобус сапарға шығады. Сондай-ақ, Өскемен-Күршім жаңа әуе жолы қатынасы ашылды.

«Ұлттық жоба» жоспары аясында мүгедек жандарды жұмыспен қамту жағы да қарастырып отыр. Мүгедектерге арналған кәсіби оқыту орталығын ашу жоспарда бар. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Ольга Кузовлева мәлімдеді.

Ұлан ауданында «Мектеп, отбасы, қоғам: шешілмей тұрған мәселелер және оны шешудің жолдары» деген тақырыпта бірінші аудандық педагогикалық оқылым өтті. Пікірсайыс түрінде өткен бұл шараға аудан көлемінде 27 мектептен 24 ұстаз, 20 ата –ана қатысты. Баяндамашылар осы күрделі мәселелерді кеңінен талқылады.

Бородулиха ауданы Дмитриевка ауылындағы клубта «Туған ел – алтын бесігім» атты көркемөнерпаздар байқауы болды. Барлық көрермендерді «Қара жорға» биімен шыққан жас бүлдіршіндер таң қалдырды.
Осы байқауға шаруа қожалықтарының жетекшілері Попов, Әбілов, Сайдулаев демеушілік жасады.

«Білім беру саласында рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің психологиялық-педагикалық негіздерінің аптасы» аясында Шемонаиха ауданында бірыңғай «Шығыс Қазақстан облыстық білім беру саласында өзін өзі тану күні» өтті. Басқосуда балаларды жалпы адамгершілік рухында тәрбиелеу, отбасындағы және қоғамдағы қарым-қатынас үйлесімі, кәмелетке толмағандардың және олардың ата-аналарының жауапкершіліктері туралы айтылды.

Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылдық балалар кітапханасы оқушыларға және табиғатты қорғаушыларға «Дала қыраны – 2012 жыл құсы» атты экологиялық шара өткізді. Бұл шараның мақсаты-мектептегі бастауыш және орта сынып оқушыларының құстарға деген сүйіспеншілігін ояту, адамгершілікке, табиғатты сүюге, табиғатқа қамқоршы болуға тәрбиелеу.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив