KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
478.54 533.76 5.17

Құрылыс нысандарын аралады

8.04.2012, 18:00 135



Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев Өскемен қаласындағы жаңадан салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарында болып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысып, қала активімен кездесті.Облыс басшысы алдымен 19-шы тұрғын ауданда салынып жатқан машина жасау өнеркәсібіне арналған мамандарды даярлау және қайта даярлау аймақаралық орталығына келді. Құрылысшылар жоспарланған шараларды төрт айға кешіктіріп жұмыс істеп жатыр.

Одан соң аймақ басшысы Сәтпаев даңғылының бойындағы «Метро» сауда орталығының тұсында салынатын жекпе-жек күресі сарайы мен жеңіл атлетика манежі құрылыстарының жобаларымен танысты. Екі қабатты жекпе-жек күресі сарайының бірінші қабатында 1200 орындық көрермендер залы, 40 орындық дәмхана, екінші қабатында үш жаттығу залы болады. Ал жеңіл атлетика манежі де қазіргі талапқа сай салынады. «Қарағанды Промстройпроект институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобалау жұмыстарын жүргізген. Өскемен қаласының бас сәулетшісі Мұратқан Сағатовтың айтуынша, қазіргі кезде Өскемен қалалық әкімдігімен ғимараттың конструкциялық шешімі келісілген. Инженерлік зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін биыл іске қосылатын осы ғимараттарды салуды бастайды.

Содан кейін облыс Әкімі қазақ драма театрының құрылысымен танысты. Театрды «Компания АДС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары салып жатыр. Мұнда іргетасын қалауға дайындық жұмыстары аяқталып қалған. Қазіргі уақытта Семей, Аягөз, Өскемен қалаларынан келген 118 адам бетон төсеумен айналысуда. Құрылыс материалдары жеткілікті. Театрды келесі жылы қыркүйек айында қолданысқа беруді жоспарлап отыр.

Облыс Әкімі Сәтпаев даңғылындағы мешіт құрылысын да көрді. Мешіт ғимара-тында 850 орындық ерлерге, 100 орындық әйелдерге арналған намазхана, 48 шәкіртті оқытып шығаратын 56 орындық тамақтану залы бар медресе, 250 орындық қатымхана болады. Қазіргі кезде мешіт құрылысы жұмысының 70 пайызы іске асырылған. Нысанда 65 адам жұмыс істеуде. Аймақ басшысы бір жақ бөлігіндегі әр қабатқа шығып, аралап көргеннен кейін мешіттің құрылыс жұмыстарын 1-тамызға дейін бітіріп, пайдалануға беруді міндеттеді.

Облыс Әкімі «Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешені мұражайының Қазақстанның құрметті сәулетшісі, профессор Эскандер Байтенов ұсынған жобаларымен танысып, «Ландшафтылы» деп аталатын жобаға тоқталды. Әлемде теңдесі жоқ ескерткіштер қатарындағы «Ақбауырдың» мұражай кешені облыс орталығы тұрғындары мен қонақтарының қызықтайтын таңдаулы орындарының біріне айналары даусыз.

Құрылыс нысандарын аралаған соң облыс басшысы Өскемен қаласының активімен кездесіп, Өскеменде салынып жатқан нысандардың мерзімінде және сапалы орындалуын қадағалап,бірінші тоқсанның қорытындысы қандай, әлі де істелмеген қандай жұмыстар бар, неге көңіл бөлінуі керектігі жайында пікірлесті.

Облыс басшысы Өскеменнің келешектегі жоспарлары туралы айта келіп, қала әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив