KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
479.23 534.96 5.16

Жусанның жұпар иісі

15.03.2012, 18:00 188


Ол құрсағындағы сәбиімен жиі сөйлесетін. «Сен мынау гүлдердей сұлу болшы» дейтін. «Сен осы өзеннің суындай мөлдір болшы» дейтін тағы да. Құрсақтағы сәби анасының сөзін түсінгендей әлсіз ғана қимылдайтын. Ақындардың туған жер, Отан жайлы жазған өлеңдерін дауыстап оқитын. Жанға жайлы тиетін әдемі әндер мен күйлерді тыңдайтын. Ана арманы қашан да асқақ. Әлі дүниеге де келмеген сәбиінің тәнімен бірге жанының да сұлу болғанын қалайтын іштей.

Сол күні де далаға серуендеуге шыққан. Таза ауа жан сарайын ашып жіберді. Жерден бір түп жусан жұлып алды. Иіскеді. Құшырлана қайта-қайта иіскеді. Жарықтық жусанның жұпар иісі-ай... Алыстағы туған жері есіне түсті. Ол жердің жусанының иісі тіпті әдемі болатын. Қазір ол жер қаңырап бос қалды. Тұрғындарының бәрі қалаға үдере көшіп кетті. Кеудесін сағыныш тепкіледі... Туып-өскен жерге деген сағыныш... «Ұлым, мен сені алып барамын ол жерге... Кең жазира даласында әлі-ақ асыр салып ойнайтын боласың», - деді ішіндегі сәбиіне. - Әзірге мынау жусанды иіскеп ал...
...Түнде жедел жәрдеммен ауруханаға түскен. Қан қысымы көтеріліп кетіпті. Дәрігерлер операция үстеліне жатқызды. Мені емес, сәбиімді аман алып қалыңдаршы... Ана тілегі осы еді! Бірақ, бәрі керісінше болды. Абзал жанды дәрігерлер сәби өміріне арашашы бола алмапты...
Оның жүрегі қайғыдан қарс айырылды. Бір кезде халатының қалтасындағы жусаны есіне түсті. Иіскеді. Ұзақ иіскеді... Жусанның жұпар иісінен жаралы жанына ем іздеді...

Мейрамтай Иманғали




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив