KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 2 м/с, З
479.23 534.96 5.16

Қызыл сиыры түсіне кіре береді

5.03.2012, 18:00 138


Жалт-жұлт еткен құндыз тон алу Құралайдың арманына айналғалы қашан. «Құндыз тон әпер» деп күйеуінің де құлағының құрт етін әбден жеп қойды. Үйде шай дұрыс ішілмейтін болды. Күйеуі бір кесе шайды аузына ала берсе болды, Құралайдың ызыңы басталады. Сондағы жырлай-тыны сол баяғы құндыз тон.

«Айтшы, ауылдағы анау бәлен-байдың, анау түленбайдың әйелінен қай жерім кем? Олар киген құндыз тон менің иығым-нан түсіп қала ма?» дейді. «Маған құндыз тон сатып әпере алмасаң, несіне еркек боп жер басып жүрсің» дейді тағы да. Күйеуін қамшылаудың әдіс-тәсілін Құралай жақсы біледі.
Бір күні күйеуінің төзімі таусылып кетті, сірә. «Ал құндыз тоныңды. Сат ана қызыл сиырды» деген әйеліне. Осылайша бір-ақ күнде қызыл сиыр сойылып, сатылып пұлға, пұл Құралайдың арманы болған құндыз тонға айналып шыға келді. «Адам көркі – шүберек» деп қазақ тегін айтпайды-ау тегінде. Құндыз тонды кигенде Құралай құлпырып-ақ кетеді, шіркін! ¬Ауылдағы қатындардың барлығы мұның тонына қызыға қараған сайын Құралай да ауылдың көшесінен қайқаң-қайқаң етіп, әрі-бері өтетін болды. Енді ше, мұндай құндыз тонды киген де бар, кимеген де бар.
Әттең... сол құндыз тонды Құралай көп киіп құмарынан шыға алмады. Жанына сол қатты батады мұның. Қызыл сиырға сатып алған құндыз тоны бір-ақ күнде қор болды. Бәріне ауыл көшесінде бұралып, қаңғыған жаман иттер кінәлі. Сиыр деп қалды ма, әлде таудан түскен аю деп қалды ма, кім білсін, сол күні екі-үш бұралқы ит талады емес пе мұны. Өзіне де обал жоқ. Құндыз тонды киіп алып көшеде көлбеңдей бермей отыруы керек еді үйде. Қолы әзер жеткен тонының дал-дұлы шықты. Қайран, құндыз тон... Есіне түскен сайын Құралайдың жылағысы келеді. Оны да қойшы. Жаннан әулие емес. Бәрінен балаларының қатықсыз қара көжеге қарап қалғаны да Құралайдың жанына аяздай батып жүр. Кейде түсіне құндыз тонның жолында құрбан болған қызыл сиыры кіреді. «Мө, мө...» деген үні де құлағына келгендей болады...

Мейрамтай Иманғали




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив