KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

3.03.2012, 18:00 296


Өтіп бара жатқан аптада «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алған тағы 2 азамат облыс әкімдерінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар өңірлік күш-қуат органдарының жаңа басшылары қызметтеріне кірісті.

Сонымен, көктемнің алғашқы күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Абай Зүбайырұлы Икранбековтың орнына Гүлжахан Амангелдіқызы Бимендина Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды. Ол бұған дейін аталған ведомствоның басқарма бастығы қызметін атқарған.

29 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің Өкімімен Парламент Сенаты Аппаратының басшысы болып Қайрат Нұрпейісов тағайындалды. Қ.Нұрпейісов Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Мамандығы экономист. Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрінің орынбасары, мемлекеттік кіріс министрінің орынбасары болып жұмыс істеген. 2002 жылы Павлодар қаласының әкімі, 2003 жылы Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды. Павлодар облысын 6 жыл басқарды. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, ал 2009 жылғы тамызда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы болып тағайындалды. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.

Сонымен қатар осы апта ішінде Оңтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарының әкімдері ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша шет елде білім алған түлектер қатарынан екі жаңа орынбасарларды қызметке алды. Атап айтқанда. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып Сапарбек Құрақбайұлы Тұяқбаев тағайындалды. Бұл қызметке ол басқа жұмысқа ауысуына байланысты ОҚО әкімінің орынбасары қызметінен кеткен 40 жастағы Ерлан Айтахановтың орнына келді. С.Тұяқбаев Түркияның Таяу Шығыс техникалық университеті мен Канаданың Торонто универитетінде білім алған. ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аймақтық жұмыстар бөлімінің мемлекеттік инспекторы болған.

Ал ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бұрынғы ректоры Арын Өрсариев Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. «Болашақ» бағдарламасының алғашқы стипендиаттарының бірі 1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған. 1998-2000 жылдары «Дипломатия мен стратегия» мамандығы бойынша Сорбонна университетінде тәлім алды. Әкім орынбасары лауазымына дейін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын басқарды. Әр жылдары Дипломатиялық академияда сабақ берді, ҚР СІМ-нің екінші хатшысы болды. Сонымен қатар, ҚР Президенті Әкімшілігінде түрлі қызметтерді атқарды. 2008 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшысының орынбасары болды. «Астанаға 10 жыл» медалімен марапатталған және «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері. Қазақ, ағылшын, француз, испан, орыс тілдерін жетік біледі.

Бірқатар кадрлық өзгерістер ұлттық компаниялардың штатында да орын алды. Мәселен, 27 ақпан күні «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ директорлар кеңесінің жалпы қызмет ету мерзіміне директорлар кеңесінің жаңа мүшесі болып Ләззат Қиынов сайланды. Айта кететін жайт, Асқар Балжановтың «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттілігі кезектен тыс тоқтатылған еді. Ләззат Кетебайұлы Қиынов - 1971 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген, тау-кен инженері. Техника ғылымдарының докторы. Институтты тамамдағаннан кейін «Жетібаймұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының мұнай мен газ ендіру жөніндегі операторы болып жұмыс істей бастайды. Кейін «Маңғышлақ мұнай химия өнеркәсіп» аумақтық-өндірістік басқармасының бас инженері, «Қаражамбасмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы, «Комсомолмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы болады. 1992 жылдан 1993 жылға дейін «Маңғышлақмұнай» өндіріс бірлестігінің бас директоры, 1993 жылдан 1995 жылға дейін Маңғыстау облыстық әкімшілігінің басшысы, 1995 жылдан 1997 жылға дейін мұнай және газ өндірісі министрінің орынбасары,1997 жылдан 1999 жылға дейін Каспий құбыры консорциумының (Алматы қаласы) бас директоры, 1999 жылдан 2002 жылға дейін Маңғыстау облысының әкімі қызметін атқарады. 2002 жылдың ақпанынан 2003 жылдың наурызына дейін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының президенті, 2003 жылдың наурыз айынан бері ҚР Энергетика және минералдық ресурстар, кейін ҚР Мұнай және газ вице-министрі. 1987 жылы Шевченко қаласының Мұнайлы ауданы бойынша аудандық кеңес депутаттығына, ал 1990 жылы халық депутаттарының қалалық кеңес депутаттығына сайланады. 1990 жылы Қазақстан Республикасы халық депутаттары Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланады. 1999 жылы «Парасат» орденімен марапатталған.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының бұйрығымен Қанат Мұхаметкәрімұлы Досмұхаметов аталмыш қордың басқарушы директоры лауазымына тағайындалды. Ол бұған дейін Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетін басқарған. Ендігі уақытта «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының Қаржы және қазынашылық комитетін және қаржы институттарын басқару департаменттеріне жетекшілік етпек. Қ.Досмұхаметов 1973 жылдың 22-ші желтоқсанында Алматыда туылған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «экономист» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. Ол еңбек жолын 1994 жылы Қазақстан Республикасының Ұлтық банкінің Банктік бақылау департаментінің Банктік емес қаржы мекемелерін лицензиялау бөлімінің жетекші экономисі қызметінен бастаған. Бұдан соң ол Ұлттық банктің Лицензиялауды басқару басқармасының лицензия бөлімінің бас экономисі, Әдістеме бөлімінің бастығы, Банктік бақылау департаменті бастығының орынбасары, Үйлестіру басқармасының бастығы, Қаржылық бақылау департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2004-2006 жылдар аралығында Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын басқару агенттігінің төрағасы лауазымында болды. Одан соң, яғни 2006-2009 жылдары қаржы ұйымдарында түрлі басшылық қызметтерді атқарып, «ҚазАгро» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2009-2012 жылдары Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетін басқарды. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасына 20 жыл» медальдарының иегері. Премьер-Министрдің алғыс хаттарының иегері.

Сонымен қатар 2 наурызда «Тараз» ӘКК» басқармасының жаңа төрағасы қызметіне Азамат Нұрланұлы Тілеулесов тағайындалды. Ол 1982 жылы дүниеге келген, жоғары білімі бар, Ресейдің Г.В. Плеханов атындағы экономикалық академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 2004 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да бас маман қызметінен бастаған. Сонымен қатар «Самұрық» Холдингі» АҚ стратегия және активтерді басқару департаменті директорының орынбасары, «Ертіс» ӘКК» ҰК» АҚ-да бизнес жобалар департаментінің директоры, «Тау-кен компаниясы» ЖШС-де бірлескен дамыту департаментінің директоры, «Инвестиция тиімділігін зерттеу Агенттігі» ЖШС-де директордың орынбасары, Жамбыл облысы әкімінің штатан тыс кеңесшісі болып жұмыс істеген.

Ал ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығымен полиция полковнигі Жанат Қуанышұлы Сүлейменов Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы болып тағайындалды. Жанат Сүлейменов 1962 жылдың 22 шілдесінде дүниеге келген. 1984 КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, 2001 жылы ҚР ІІМ Академиясын тәмамдады. Жанатбек Ақылбекұлының қызметтік тәжірибесі мол. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің тыңдаушысы болып бастаған ол, жедел уәкілден ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтерілді.

28 ақпан күні ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко Алматы облысының жаңа прокуроры Ғабит Миразовты таныстырды. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары болып жұмыс істеген Ғ.Миразов 1965 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Киров атындағы ҚазМУ-ды тәмамдаған. Қадағалау органында 1991 жылдан бастап жұмыс істейді. ТМД елдері Үкімет басшылары Кеңесіндегі жауынгер-интернационалистер істері бойынша Комитеттің төрағасы болды.

Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) бастығы болып Әмірхан Аманбаев тағайындалды. Естеріңізге сала кетейік, Алматы қалалық қаржы полициясы департаментінің бұрынғы бастығы Дүйсенов бағынышты қызметкері 30 мың доллар көлемінде пара алғаны үшін қызметінен босатылған болатын.

Осы аптадағы маңызды тағайындаулдардың бірі Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының басшысы Жомарт Әбиесовтің БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы жанындағы МЖӘ мамандар командасы төрағасының орынбасары болуы болды. Бұл шешім БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Женева қаласында ұйымдастырған «PPP Days-2012» форумында қабылданды.

Әбиесов Жомарт Амангелдіұлы, 1975 жылы туған, «Қаржы және несие», «Құқықтану» мамандықтары бойынша жоғарғы білімі, Мемлекеттік басқару магистрі («Болашақ» бағдарламасы, Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебі (Сингапур), Гарвард Университеті (АҚШ) деңгейі бар, сондай-ақ экономика ғылымдарының кандидаты. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін біледі. 2002 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Экономикалық саясат басқармасының Зерттеулер жүйесінің орталығында сектор меңгерушісі, бас инспектор, меңгерушінің орынбасары, «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ұлттық банкі басшылығындағы Ұлттық талдама орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдық-кадрлық жұмыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік қызмет және кадрлық саясат бөлімінің меңгерушісі болды. 2008 жылдан 2011 жылға дейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарушы директоры -Департамент директоры қызметін атқарды. 2011 жылдан бастап «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарушы директоры - басқарма мүшесі қызметін атқарған.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив