KZ
Өскемен
ясно Штиль
479.23 534.96 5.16

Жездемнің тағдыры шешілгеніне қуандым

28.02.2012, 18:00 297


Үйге үлкен әпкем келді. Хал-жағдайымызды, бала-шағаның аман-саулығын сұрап жатыр. Шай қойдым. Осы әпкем сүт қатып, қою шай ішкенді керемет жаны сүйеді. Баяғыда әжем марқұм шешеміздің тыққан үнді шайын оған үнемі ұрлап, тығып беретін. Бір күні «Мынауың грузин шайы ғой, дұрыстап ұрламайсың ба?» деп әжеме қайтадан әкеліп тастағанын да білемін. Өзі жақында немерелі болды. Тапқан қызын Ақбота атаймын деген келініне: «Балаң ертең ақ болмай, қап-қара болса, қайтесің. Ел-жұрттан ұят болады» деп кәдімгідей ұрсып тастаған әпкемнің мінезі шынында да қызық өзі. Немере сүйіп, әже атанса да әлі аңқаулығы басым. Міне, қарашы енді менің қой аузынан шөп алмас жуас жездемді жамандап отыр.
– Өткенде жездең үйге ішіп келді. Қатты ашуландым. Өзің білесің мен арақ ішетін адамдарды ұнатпаймын ғой. Содан ауылды неше айналсам да участковыйды таппай-ақ қойғаным. Осы сенің жездең мас болғанда бар ғой, участковыйдың қайда кететінін білмеймін...
– Оның не, немерелі болғаннан кейін ішсе ішкен шығар, – дедім мен жездемді жақтап.
– Ол бүйтіп іше беретін болса, мен оны Шұбартауда тұратын жалғыз ағасына апарып тастаймын. Жүрсін, сонда мал бағып...
– Сен бар ғой, оны Шұбартауға емес, осында әкеліп таста, – дедім әдейі. – Алтын жездемді күтуге менің шамам жетеді. Өзі келесі жылы зейнетке шықпай ма? Артық ақша ешкімнің де
басын жармайды ғой. Зейнетақысын өзім ұс-таймын...
– Мұны қарай гөр. Саған ақша керек те, сонда маған керегі жоқ па?
Бағанадан күйеуінің жер жебіріне жетіп, жамандап отырған әпкем сабынша бұзыла қалды. Күлкім келіп әзер отырмын.
– Сен жездемді Шұбартауға апарып тастаймын дедің ғой...
– Апармаймын, неге апарады екенмін. «Отыз ұлың болғанша, осырақ шалың болсын деген»...
Іштей жездемнің тағдыры шешілгеніне қатты қуандым. Ал әпкем күрең қою шайды әлі тартып отыр.

Мейрамтай Иманғали




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив