KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Жас ақындар ОТАНҒА АРНАП жыр төкті

28.02.2012, 18:00 314


Өскемендегі орталық қалалық кітапханада «Отанымның болашағын жырлаймын» атты жас ақындар айтысы өтті.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аталмыш кітапхана бірлесіп өткізген жыр сайысына бүгінде облыс көлеміне таныла бастаған жас ақындар мен өнер өлкесіне енді ғана қадам басқан таланттар: С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алып жүрген Аян Өрібаев, Құмар Зиятханұлы, Парасат Молданов, Бағжан Есімбек, Тілектес Ақылбекұлы, Жандос Аманжолұлы, Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Қуаныш Еркін мен Шығыс ауылындағы №33 мектептің оқушысы Саягүл Бірлесбек сынды сегіз ақын қатысты.
Жасыратыны жоқ, көптен бері сахна көрмей, айтыстан алшақтап кеткен жастар қарайың-қырап қалған екен. Бұған себеп – өңірімізде жас ақындарға қолдаудың жоқтығы. Бұрындары аталған оқу орнының қарамағында айтыскер ақындардың мектебі бар болатын. Оған бір кездері Серік Құсанбаев, Анар Құсайынова, Аслан Ғафуров, Бұлбұл Қалқанбаева сынды айтыскер ақындар жетекшілік етіп, апта сайын жас ақындардың басын қосатын. Бұл талапты жастардың шыңдалуына үлкен көмек болғанын талай байқағанбыз. Өкінішке қарай, соңғы кездері бұл мектептің аты бар да, заты жоқ болып қалды. Сондықтан да жас ақындар шығармашылық ортадан қол үзіп кеткен.
Ал жазба ақындардың қанатын қатайтып жүрген «Шабыт» ақындар мектебінің де соңғы жылдары жастардың басын құрай алмай кеткені шындық. Бірақ осынау айтыс барысында белгілі ақын Серік Ғабдоллаұлы бұл мектепті алдағы уақытта өз қолына қайта алатынын айтты. Демек, Өскеменде өнерлі жастардың бас қосуы жанданады деген сөз.
Сонымен айтыс өтті. Екінші айналымға шыққан төрт ақынның арасынан қазылар алқасы жыр сайысына екінші рет қана қатысып, өзінің суырыпсалма қасиетімен көзге түскен 9-сынып оқушысы Саягүл Бірлесбекті бас жүлдеге лайық деп шешті. Ал бірінші орынды
...Жаһанның жемі болып кетпеу үшін,
Отанның бізге керек тыныштығы, – деп жырлаған Құмар Зиятханұлы, екінші орынды қазақы қалжыңды қара өлеңмен өрген Аян Өрібаев, үшінші орынды соңғы кездері барған жерінен жүлдесіз қайтып көрмеген Қуаныш Еркін қанжығасына байлады. Айтысқа қатысқан ақындар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қазылар алқасының мүшесі Аслан Ғафуров болса, өрелі өнер көрсеткен екі оқушы-ақынға өзінің авторлық кітабын ұсынды.
Айтыс барысында жас ақындар отты жырларын да оқыды. Өнерлі жастардың әдеби
ортаға сусап қалғаны осы шара барысында
тағы бір байқалып қалған. Шынын айтсақ,
соңғы кездері талапты жастар, әсіресе, ақындық жолында жүрген жастар осы бір кітапханада өткен шараларда ғана бастарын қосып келеді...


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив