KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
479.23 534.96 5.16

Шалғайдағы ауылдың шешілмеген мәселесі көп

23.02.2012, 18:00 325


Әдетте орталықтан шалғайда орналасқан, жол қатынасы нашар, телефон байланысы әлсіз, тұрғындары аз шағын ауылдар көзден таса қала беретіні жасырын емес. Ондай ауылдар әр ауданда кездеседі. Біз бүгін сондай елді мекеннің бірі - Бородулиха ауданының Петропавловка ауылдық округіне қарасты Мещанка ауылы туралы айтпақпыз.

Шекараның түбінде тұрады

Мещанканы бетке алып келе-міз. Ауылға апаратын негізгі күре жолды қар алып қалғандықтан, егістік арқылы жүруге тура келді. Айналдырған жиырма шақырым жолды бір сағатқа жуық жүргенде, діттеген жеріміздің де төбесі көрінді.
Мещанка – көршілес Ресей Федерациясының шекарасына ірге-лес жатқан ауыл. Ондағы 38 үйде барлығы 87 адам тұрады. Негізгі кәсіптері – мал шаруашылығы. Ұзыннан-ұзақ созылған бір көшенің бойына жағалай орналасқан, көбісі екі пәтерлі болып келетін ағаштан салынған бір жобадағы үйлердің тұрғындары қысқа ерте бастан қамданғаны байқалады.
Жақын тұрған ауланың біріне жақындадық. Ауладан бізді Айгүл Халелова есімді келіншек қарсы алып, үйіне бастады. Отағасы Қайрат екеуі 1997 жылы кәсіп іздеп, Көкпекті ауданының Үлгілімалшы ауылынан осында көшіп келген екен. Өзі – үй шаруашылығында, жолдасы – ауылдағы Мұқаш Несіпбеков деген азаматтың «Мещанка» шаруа қожалығында еңбек етеді. Отағасының табысымен және қорадағы азын-аулақ малының өнімін кәдеге жаратып, үш баласын өсіріп жатқан жайы бар. Балаларының бәрі – Семей қаласында. Үлкен қызы сондағы медколледжде білім алса, қалған бір қызы мен ұлы сегізінші, тоғызыншы сыныптарда оқиды.
– Ауылда мал ұстауға аса ыңғайлы, тек жайылымдық жер өте тар. Айналаның бәрі егістік алқап. Одан қалса, көршілес Ресей Федерациясының шекарасы. Оған жақындауға болмайды. Сондықтан қолдағы ірі қараның басын көбейтуге біраз қиындықтар бар. Ер-азаматтардың дені ауылдағы жалғыз шаруа қожалығында жұмыс істейді. Қожалық жетекшісі Мұқаш Хамзаұлы көп жылдар ауыл халқына көмектесіп келеді. Алдына барғанның өтінішін жерге тастамайды, – дейді Айгүл.
Өкінішке қарай, шаруа қожа-лығының жетекшісімен тілдесе алмадық. Ауылда болмады. Кәсіп-
кер туралы ауылдастарынан есті-генімізді қағазға түсірдік. Мұқаш Несіпбеков жетекшілік ететін «Мещанка» шаруа қожалығының иелігінде 2265 гектар егістік жері бар. Негізінен күнбағыс егіп, май сығады. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, ауылдағы жалғыз қожалық көп жылдар мещанкалықтардың арқа сүйер тірегі болып келгенге ұқсайды. Биылға дейін округке барар жолды да, ауыл ішін де сол тазалап келіпті. Ауыл адамдарына жұмыс көзін де тауып беріпті, жағдайы нашар отбасыларға тегін көмегін де аямапты, электр энергиясымен сорылатын ауызсу қондырғысының қаржысын да өзі көтеріп келіпті. Сондықтан, қожалық жұмысын тоқтатар болса, біраз адамның жұмыс іздеп, басқа жаққа көшуі ықтимал.
Айгүлдің көршісі, үш баланың анасы Замира Әбдуғаниеваның басты уайымы мектеп көрінеді. Себебі, Ерасыл, Еламан, Томирис есімді үш бүлдіршіні де бастауыш
сыныпта оқиды. Балаларының болашағы үшін талай жыл мекен болған бұл ауылды тастап, келер жылы қалаға көшпек ойлары барлығын да жасырмайды. Бала азайса, мектеп жабылады. Мектеп жабылса, ауылдың да басынан бағы таяды.
Ауылда аралас бастауыш мектеп қана болғандықтан, барлық ата-аналар балаларын төртінші сыныптан кейін басқа ауылдардан немесе қаладан оқытуға мәжбүр. Ал Мещанкаға қыс кезінде студенттердің және оқушылардың демалысқа келіп қайтуы қиынның қиыны. Округ орталығынан бергі жиырма шақырымдық жолды былтырға дейін қыс кезінде ауылдағы қожалық жетекшісі тазалап келіпті. Ал биылдан бас-тап бұл шаруа тендерді ұтқан округ орталығындағы азаматтың жауапкершілігіне көшіпті. Қар алып қалған жолды қайта тазалағанша, қасындағы егістікті қардан тазартып, жол салып отырған тиімді көрінеді. Ал жол салынбаса, қатынас үзілді дей беріңіз.
Ауылдың ортасындағы аралас бастауыш мектептің ғимаратына келдік. Бір қабатты екі сынып бөлмесі ұядай екен. Бізді баста-уыш сынып мұғалімі Наталья Рябошапкова және от жағушы, оның жолдасы Андрей қарсы алды. Бұл күні ауаның температурасы 38 градусты көрсетіп тұрғандықтан, балалар сабақтан босатылыпты. Бірақ сынып бөлмелері жылы. Шағын ғана ғимараттың ішіндегі тазалық, жинақылық бірден көзге шалынады. Әр сынып мемлекеттік рәміздермен, қажетті көрнекіліктермен жабдықталған. Мұнда қазақша топта – 5, орыс тобында 5 бала оқиды. Алайда баланың аздығына байланыс-ты мектептің жабылуы мүмкін. Мәселен, Замираның қазақ тобында білім алатын үш баласы бірден ауысар болса, жағдайдың мүшкіл болары сөзсіз. Сондықтан осы ауылда 13 жылдан бері мұғалім болып келген Наталья Васильевна мектепті сақтап қалуға барынша мүдделі. Үнемі ата-аналармен тығыз байланыс жасап отырады. Бір қуанарлығы, келер жылы бірінші сыныпқа келер балдырғандар саны жетерлік көрінеді.

Қорасы малға толы

Ауылдағы қоғамдық-саяси жұмыстарға етене араласатын, белсенді азамат деп естігесін Жұмабек Адамзатов есімді азаматтың қақпасының есігін қақтық. Аулада малын жайғап жүрген Жұмабек, әйелі Бигүл екеуі бейтаныс қонақтарды жылы шыраймен қабылдады. Бұл үйдің ауласындағы ірі қара малының көптігі көзге еріксіз шалынды. Әңгімеміздің ауаны амандық-саулықтан соң, қорадағы малдарға қарай ауысты.
– Әрине, ауылда тұрғасын, өз еңбегімізбен күнімізді көріп жатырмыз. Сиырдан басқа, ұсақ малдар бар, тауық, қаз, күркетауық ұстаймыз. Қазір сауылатын сиырдың өзі он беске жетті. Соларды күнделікті өзім сауып үлгеремін. Оқудағы қызым демалысқа келіп, бір жағыма шығысып жатыр. Малдың жемшөбін, қысқа отын әзірлеу – күйеуімнің шаруасы. Мен үйдегі шаруаны ұқсата білуге тырысамын, – деді Бигүл Ағзам-
қызы.
Міне, ауылдағы еңбекқор ағайынның тірлігі. Бұрынғыдай сауылған сүтті қабылдап алатын мекеме жоқ қазір. Өндіретін де
өзің, өңдеуші де өзің. Мал ұстайтын ауылда отырып, өнімін жергілікті жерде саудалаймын деу де бекершілік. Қалаға апарғанға жолдың машақаты анау. Еңбекқор кейіпкеріміз осы тірлікке үлгеруімен қатар, үйдегі 83 жастағы енесі, тыл ардагері Нина Алексеевнаның да бар жағдайын жасап үлгереді, жолдасының қоғамдық жұмыстарының бір жағына шығысуға да уақыт табады. Сонымен бірге екі қызын оқытып келеді. Үлкен қызы Данара –
Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетінің студенті. Мектепті Семейден «Алтын белгі-ге» аяқтап, мемлекеттік грантқа оқуға түскен. Кішісі Анара – Семей қаласындағы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінде оқиды.
– Біз шалғайда жатқан ауыл болсақ та мемлекеттің қамқорлы-ғын сезініп келеміз. Ауылымыз-дың жағдайы жыл өткен сайын
оңалуда, мәселелер біртіндеп шешіледі, тек тұрғындар көшпесе болғаны, – дейді Жұмабек.
Медпункті жоқ мекен

Ауылда мемлекеттік арналардан «Хабар», «Қазақстан» және «7-ші арна» көрсетіп тұр. Спутниктік арналар реттесе ғана көрсетеді. Мұнда телефон байланысы түйіні тарқамаған мәселенің бірі. Мектепте және бір-екі үйде ғана бар. Мектепке спутниктік желісіз телефон қойылыпты. Оның өзі көбінде істемей тұрады. Ал қызмет көрсетіп тұрған ұялы байланыстың «Beeline», «Kcell» операторлары бұл мекенде Ресейдің тарифімен есеп жүргізеді. Қалта телефоныңыздан желі ішінде ғана қоңырау шалудың бір минуты – 181,5 теңге. Бұны ауыл жұртының қалтасы көтермейді.
Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмасы белгілі. Ал Мещанка медпункті жоқ ауылдардың санатында. Телефоннан кейінгі үлкен мәселе – осы. Ауыл адамдарына он бір жылдан бері медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан фельдшер Жібек Оразбекқызы науқастарды әлі күнге дейін үйінде қабылдауға мәжбүр. Жыл сайын проблема болып көтеріліп келе жатса да, ауылда бос тұрған ғимараттар болса да медпункттің мәселесі әзірге шешілер түрі көрінбейді. Яғни, алдағы уақытта да денсаулығы сыр берген ауылдастары Жібектің үйін бетке алары анық.
– Жеңіл диагноз қойылған науқастарды үйде қарап, дәрісін беріп, әйтеуір тығырықтан шыға-мын. Ал ауыр науқастарды округ, аудан орталығына жеткізу қажет болады. Мынадай аязды қыста көлік табу да өте қиын. Автобустар жүрмегесін, өздеріңіз жүріп келген жолмен такси жүргізушілері қалаға дейін 7 мың теңге сұрайды. Аудандық ауруханада кейде орын болмай қалғандықтан, науқастарды қалаға тасымалдауға тура келеді. Науқастардың өздері де ауданнан гөрі жақын болғасын қалада емделгісі келеді. Бірақ әкімшілік аумаққа байланысты біз ауданда ем қабылдауымыз керек. Сондықтан осындай қиындықтар кездесіп тұрады. Ең бастысы, ауылда медпункт болса деймін, – дейді Жібек Оразбекқызы.

Бұрыннан қалыптасқан дәстүрі бар

Бір байқағанымыз, шағын ауылда қазақ, орыс, шешен, дағыстан, украин, өзбек ұлтының өкілдері тұрады екен. Тату-тәтті тұратын мещанкалықтар жастар, жас отбасылар арасында қандай да бір кикілжіңдер туа қалса, алдымен ауылдың ақсақалы, үлкен-кішісі болып, тәртіпке шақырып алатын көрінеді. Бұл дәстүр – бұрыннан қалыптасса керек.
Тоғыз бала тәрбиелеп өсірген «Алтын алқа» иегері, тыл ардагері 86 жастағы Савдат Замаеваның үйіне бас сұқтық. Қазір ол қызы Дешидің қамқорлығында екен. 1944 жылы Қазақстанға жер аударылған бір топ шешен отбасы осында келіп, тұрақтап қалған көрінеді. Бүгінде бақилық болған ақсақалы Мұса Замаев екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсіріпті. Жолдасы бригадир болып, өзі ұжымшарда әртүрлі жұмыстар атқарды. Бүкіл саналы ғұмыры Қазақстан жерінде өткен Савдат әжейдің енді тарихи Отанына оралғысы жоқ. Кавказда тұрып жатқан ұлдары қанша рет шақырса да, бас тартқан көрінеді.
– Қазақстанға біз басымызға қиын-қыстау күн туғанда, болашағымыз бұлыңғыр болып тұрғанда келдік. Қазақтар бізге қолындағысын бөліп беріп, баспанасына кіргізіп, жылы қабылдады. Бәріміз осында қалып, адам болдық. Үлкендер тұрақтап қалды. Жастар отбасын құрды. Енді жас ұлғайған шақта жұмақтай болған мекенді қалай тастап кетесің. Олай етуге дәтім бармайды. Тыныштық болсын. Қазақстан гүлденіп, өркендей берсін. Одан басқа айтарым жоқ, – дейді Савдат әжей.


P.S. Біз Мещанкаға түс әлетінде келіп, күн ұясына қонғанша көрген, білгеніміз осы болды. Сайраған жолы болса, мектебі жабылмаса, ауызсуы ағып тұрса, медпункті ашылса, ауылдан ауа көшейін деп тұрған ешкім жоқ. Еңбектенген жанға Жер-Ананың да пейілі дархан. Ал мектеп жабылса, жұрты көшпек, онда Мещанкадан да мән кетпек. Осыны жергілікті билік жадынан шығармаса екен деген оймен аттандық.


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив