KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
479.23 534.96 5.16

БЕТПЕРДЕ

20.02.2012, 18:00 203


Драма театрында отырмын. Көңілге қуаныш та, мұң да ұялата алатын қойылым болды. Актерлердің шебер ойнағаны сондай, олармен бірге шаттанып, олармен бірге жанарға жас алмау мүмкін емес! Көрерменнің әрбірі бұл жерден өзіне ұқсас, тағдырлас кейіпкерді тауып алып, сол кейіпкердің тілеулесі болып отыратындай. Мені сансыз сұрақ мазалауда.

Осы актерлердің жеке өмірінде не болып жатыр екен? Мүмкін мына комедиялық рөлді сомдап жатқан актердің жеке омірінде дәл қазір қайғылы оқиға болып жатқан болар? Қиындықты жеңіп, көңілді кейіпкердің бетпердесін киіп алып ойнаған оңай ма?! Мүмкін мына актердің өмірінде дәр қазір зор қуаныш болып жатқан болар?! Бірақ ол қуанышты сәтті ұмытып, қайғылы рөл ойнауда... бұл кейіпкерлерді шынайы етіп сахнаға алып шығу үшін, образға кіру үшін қаншама уақыт керек! Сонда олар қашан бетперделерін шешіп, шынайы бейнелерімен жүре алады?!

Далада келем... айналамдағы адамдарға көз салдым. Қарап тұрсам, біздің де сахнадағы актерлерден еш айырмашылығымыз жоқ сияқты. Бәріміз де ӨМІР атты киелі сахнадамыз. ТАҒДЫР есімді сценаристіміз бар. Айналамызда жағымды және жағымсыз кейіпкерлер. АЛЛА ТААЛА атты режиссеріміз пенде-актерлеріне жомарттық жасап, ниетіне қарай сценариді өзгертуге мүмкіндік береді. Тек ол мүмкіндік жиі беріле бермейді! Өмір сахнасында актер қарапайым сахнадағыдай бір рөлді бірнеше рет қайталап, дайындық жасай алмайды. Кей пендеге рөлін ойнап шығу үшін ұзақ уақыт берілсе, кейбіріне тым қысқа уақыт беріледі. Өмір сахнасында уақыт ұзақтығы адам жасымен өлшенеді. Ия... солай... айналамда бетперделі адамдар. Сонын бірі жаңа ғана алдымнан шықты. Сабақ үстінде қаталдықтың бетпердесін киетін ұстазым саябақта баласымен серуендеп жүр. Бетпердесін мейірімді жүзге ауыстырып алыпты. Мүмкін оның астында мұң бар шығар? Тек оны баласына білдіргісі келмейді. Басқа күндері жұмыстан қолы босамай,демалыс күндері ғана қасында болуға мүмкіндігі бар болғандықтан, жас баласына мұңын шағудық қажеті қанша?! Және... сол актерлердің бірі мен. «Әлсіздіңгіңді білдірме. Өз ортаңа бейімдел» деген бір ұстазымның кеңесін ескеріп, жанды, бірақ сезімі жоқ қуыршақтың рөлін ойнап жүрмін. Ең басында қиын болған, ал қазір үйреніп қалдым!.. Соңғы рет қашан шынайы қуанғаным да, қашан жылағаным да есімде жоқ! Жанды қуыршақтың бетпердесін кигелі шынайы бейнемнің қашан, қай жерде қалғанын да білмеймін... Сағынатыным анық! Бірақ, сол сағыныштың өзі де сезімсіз болып көрінетін бетпердемнің астында жасырулы.. Шынайы, бетпердесіз бейнемді бір-ақ нәрседен жасыра алмаймын. Ол- аса қамқор, ерекше мейірімді Алла тағала. Себебі, одан ешнәрсе жасыру мүмкін емес, жасырам деудің өзі ақымақтық! Сіздің шынайы бейнеңіз қандай және қашан, қай жерде қалды? Әлде шынымен бетперде киіп көрмедіңіз бе?! Қандай жақсы олай болса! Бетпердесіз жүрген жандарды қоғам дұрыс қабылдамайды! Дегенмен, оларды нағыз құрметке лайықты жандар деп білемін...

Зарина Долатай




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив