KZ
Өскемен
+24°
переменная облачность жел 2 м/с, ОБ
478.58 520.84 5.44

ҰБТ басталғаннан бері 86 мыңнан астам талапкер тест тапсырды

Фото: atr.kz

3.06.2023, 10:36 400

Оның ішінде талапкерлердің 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 84 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ басталғалы шекті балды 78%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 70 балды құрады. Ең жоғары балл – 137, оны өткен аптада бір талапкер жинаған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі  El.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

– Негізгі ҰБТ-ның екінші аптасының қорытындысы бойынша 86 мыңнан астам талапкер тест тапсырды. Осыған байланысты қызық статистикалық мәліметтің бірнеше мысалын келтіре кетсем. Баршаңыз білетіндей, ҰБТ екі лекте өткізіледі. Статистикаға сәйкес, таңғы лекте ҰБТ тапсырушылардың орташа балы түстен кейінгі лекте тапсыратын талапкерлерден жоғары. Қазіргі уақытта айырмашылық 4 балды құрайды: сәйкесінше 72 және 68 балл. Сонымен қатар өткен жылы біз ҰБТ нәтижелері бойынша тақырыптық талдау енгіздік. Яғни, тестілеу аяқталғаннан кейін әрбір талапкер қандай тақырыптар бойынша қателіктер жібергенін көріп, тақырыптық талдау алады. Сонымен, екі аптаның қорытындысы бойынша «Оқу сауаттылығы» пәнін ең жақсы тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 79%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Химияны» тапсырған талапкерлер тек 36% тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін «Стандартты электродтық потенциалдар. Тотығу-тотықсыздану реакциялары» тақырыбы қиын болды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері бойынша біз тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша егжей-тегжей талдауды да ұсына аламыз», – деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға екі аптаның ішінде 230 талапкер қатысты.

Бүгінгі таңда 92 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 74 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Айта кетсек, 2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив