KZ
Өскемен
+23°
переменная облачность жел 2 м/с, ОБ
478.58 520.84 5.44

Ертістің жағасымен "Мәңгілік полк" жүріп өтті (фоторепортаж)

9.05.2018, 06:48 209

9 мамыр күні таңертең әдеттегідей Өскемендегі Өзен вокзалының маңына қала тұрғандары жинала бастады.  Соңғы бірнеше жыл көлемінде  Ертіс жағалауымен шеру тартып, аталарының суреттерін көтеріп шығуды әдетке айналдырған қалалықтар  биыл да «Мәңгілік полк»  деп аталатын жиынға келді. Орысшасы «Бессмертный полк» болған соң біз оны «Мәңгілік полк» деп қазақшаладық, алайда, көшенің көлденеңіне бірақ жететін ұзын плакатта бұл «Даңқ полкі» деп жазылыпты. Қандай полк болса бұл акцияның  екінші дүниежүзілік соғыста шейіт болған боздақтарды еске алуға бағытталғаны белгілі. Ең бастысы бұл акция соңғы жылдары бұқаралық сипат алып, шеруге еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін қатысатын болып жүр.



Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы шеруге де 10 мыңнан астам адам жиналған. Таңертеңгі сағат 10-00 шамасында Өзен вокзалынан қозғалған қалың жұрт Ертіс жағалауымен Даңқ мемориалына қарай бет түзеді.



Колоннаның басында ШҚО мәдениет басқармасының үрлемелі аспаптар ансамблі салтанатты әскери әуендер ойнап, акцияға ерекше  көңіл-күй  беріп келе жатты. Сонымен қатар облыстық ІІД, ТЖД сияқты мемлекеттік құрылымдар мен әкімдік қызметкерлері де шеруде сап түзеді.



Қала тұрғындарымен бірге мерекелік шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, қала әкімі Қуат Тұмабаев бастаған облыс және қала басшылығының өкілдері де алдыңғы қатардан көрінді.Облыстық мешіттің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы мен Өскемен қаласының епископы Амфилохий шеру сапында болды.



Өскемендіктер Славский жағалауының бойымен қозғалды, жол бойы шерушілер саны толығып, көбейе түсті. Сурет көтерген халықтың басы Стрелкаға жеткенде аяғы Өзен вокзалынан енді ғана жылжыған болатын.



Өскемен қаласының тұрғыны Азамат Ыдырышев өзінің атасы Ахат Ыдырышевтың ерлігі туралы айтып берді. Атасы 1941-1945 жылдар аралығында соғысқа бастан аяқ қатысқан екен.



-Атам Берлинге дейін барып, бүкіл Еуропаны  жаяу шарлап қайтыпты. Оның ерлігін біз жанұямызбен мақтан тұтамыз. Жыл сайын  атамыздың суретін көтеріп осы шеруге қатысатын болып жүрміз. Ұлымның да есімі  Ахат. Міне оның кеудесіндегі медальдар сол атамыздан қалған. Енді үлкен атасының медальдарын кішкентай Ахат тағып жүр,-деп Азамат өз ұлының кеудесіндегі медальдарды көрсетті.



-Міне мынау "Берлинді алғаны үшін", екінші медаль "Ерлігі үшін",-дейді Азамат.



Даңқ мемориалына жақындай бергенде акцияға қатысқан өскемендіктердік саны тіпті көбейе түсті. "Ұйымдастырушылар 10 мың адам деп айтады, мен қатысушылардың саны одан да көп болуы керек деп ойлаймын",-дейді өзін Ирина Михаиловна деп таныстырған қала тұрғыны.




Жолдың бойында саудасын қыздырып тұрған азаматты кездестірдік. Георгий ленталарынан төс белгі жасап сатып тұрған адамның маңында ұзын-сонар кезек пайда бола бастады.



"Георгий лентасы бар төсбелгі 300 теңге. Көк түсті ұлттық нақыштағы ленталар 200 теңге",-дейді өзін Болатов Ержан деп таныстырған азамат. Оның айтуынша, көк лентаны ешкім сатып алып жатқан жоқ. Ал қызғылт-қоңыр түсті төс белгіге сұраныс көп.


"Енді көк лентаны төмен қоймай жоғары іліп қоймайсыз ба" деген сауалымызға Ержан: саудадағы сұранысқа қарайтынын айтқандай болды.


 



Ержан лентаны ақшаға сатып, мейрамда табыс тауып жатыр. Ал лентаны  тегін таратып жатқандар да кездесті. Жолдың бойында тұрған мына азамат барлығымызға тегін төс белгі ұсынды.



Даңқ мемориалына жеткен соң шерушілер мәңгі алауға гүл шоқтарын қойып, боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.


Жиналғандарды Жеңіс күнімен ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев құттықтап, майданға 108 мың шығысқазақстандық шақырылғанын атап өтті. Олардың 109-ы Кеңес Одағы батыры, 24-і Даңқ орденінің иегері болды.


- Бүгін біз Ұлы Жеңіс мейрамын тойлаудамыз. Әрбіріміз үшін қадірі мен қасиеті зор күнді ерекше құрметпен қарсы аламыз. Алып мемлекет халықтарының бірлігі мен келісімінің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткізілгені ақиқат. Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері, сұм соғыстың бар қиындығы мен қатыгездігін көрген сіздер ел мақтанышысыздар. Бүгінде сап түзеп, ортамызда өскелең ұрпаққа өнеге болып жүргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Қасымызда Қазақстанның жетістігіне бірге қуанып, марқая беріңіздер. Біз ешқашан Отан үшін, Жеңіс үшін жан қия күресіп, маңдай тер төккен батыр бабаларымызды ұмытпаймыз. Зор құрметпен мәңгі жадымызда сақтаймыз, - деді ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев.


 



Ертіс пен Үлбінің қосылар тұсында жылдағыдай Бипэк авто мен Азия авто бірігіп ұйымдастыратын соғыс кезіндегі техникалардың көрмесі өтті. Бұл жерге Жүк көліктерінен бастап, мотоциклдерге дейін қойылған.



Солдат ботқасынан да ауыз тимей қайтқан адам жоқ шығар.





-Неге екенін білмеймін осы солдат ботқасы деген ас керемет дәмді, жыл сайын осы жерге келіп ауыз тиемін.  Енді соғыс болмасын, -дейді өзін Людмила Сергеевна деп таныстырған Өскемен қаласының тұрғыны.



Тұрғындар Алғыс айту тақтасына өздерінің ой-тілектерін білдірді.



 


Көрме ұйымдастырылған жерде концерттер де жүріп жатты.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив