KZ
Өскемен
+24°
переменная облачность жел 2 м/с, ОБ
478.58 520.84 5.44

Алтайдың биігіне ескі аустрия жолы арқылы шықтық (фоторепортаж)

5.09.2017, 11:01 334

Тауға бөктерлей салынған ескі аустрия жолымен өрлеп келе жатқан қос көлік екі мың метр биіктіктегі «Солдатқұлаған» асуына жетіп тоқтады. Мәшіннен түсіп төменге көз тастадық. Рахман қайнарына қарай созылған тас жол бел-белестердің арасына сіңіп көзден ғайып болады. Сай-саланы аралай Бұқтырма өзені жылыстайды. Өзеннің екі жағын жағалай ел жатыр. Қаратай елі.


[caption id="attachment_19065" align="alignnone" width="1000"] Ирек асуы, (ақ сызықтармен жолдың бағыты белгіленген) [/caption]


Таң ата Шыңғыстайдың тұсындағы жайлауды бетке алып, жолға шықтық. Ауылдың тұсындағы жайлау дегені болмаса, барар жолы мінген көлігің үшін де, жүргізуші үшін де нағыз сынақтың өзі. Өйткені, өткен ғасырларда аустрия-венгрия тұтқындары салған тау жолымен жүріп өтесіз. Бұл соқпақ1912 жылы стратегиялық мақсатта салынған көрінеді. Жобасын аустриялық инженер жасаған екен. Тұтқындардың бір тобы жол салу жұмысын Шыңғыстайдың тұсынан бастаса, қалғаны Марқакөлдің Ұранхай жағынан бастаған. Екі жақтан қарама-қарсы жүргізілген жол салу жұмыстары 1916 жылы аяқталады. Шыңғыстайлық қарттардың айтуынша, тұтқындар «Шымқоста» жер қазып, шымнан қос жасап, сол жерде тұрақтаған екен. Оларға Әліқан дейтін ақсақал бала күнінде өгізбен су тасып беріп жүріпті. Ауыл тұрғыны Оралтай да (Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесіндегі Зәкеңнің әкесі) жол салу жұмыстарының басы-қасында жүрген деседі. Ал осыдан бес-алты жыл бұрын Ұранхай ауылының тұрғыны Клавдия Мицкаядан ескі жолдың тарихы туралы сұрағамыз. Тоқсанды алқымдап қалған қария аустрия-венгрия тұтқындарының кейбіреуі осы жолдың бойында жерленгенін айтқан.

Қалай дегенмен де, бұл жолдың салыну тарихын бүге-шігесіне дейін айтатын ешкім жоқ-ау деймін.


Венгрлік тұтқындар жоба бойынша Қаба өзеніне бірнеше көпір салды. Тұтқындардың ішінде өнерлі біреу болса керек, екінші көпірдің тұсындағы жартасқа қашап, қыздың бейнесін түсіріпті. Бүгінде ол маң «Қызсуреті» аталып кеткен. Ал жағаларды жалғап тұрған көпірлердің кейбіреуін су шайып, енді бірі қаусап қалған. Соның өзінде тәуекелге бел буғандар джиппен Марқакөл мен Катон екі ортаны жалғап жүр. Шыңғыстайдан осы аустрия жолы арқылы Ұранхай ауылына дейінгі аралық жетпіс шақырымнан астам. Сол аралықтағы жолдың өзін жүріп өту қиынның қиыны. Талай жанның өмірін қиған Ирекке шығуға кейбіреудің жүрегі дауалай бермейтіні де шындық.



Шыңғыстайдан шыға бере сәл аялдап, Ирекке дүрбі салып көрдік. Тау беткейіне біткен жынысты орманның арасынан көлік жолы ап-анық көрініп тұр. Бірақ теңіз деңгейінен екі мың метрдей биіктіктегі Алтай тауының сілемінен көлікпен асып түсу мүмкін еместей көрінді. Не де болса алдымызға жолды жақсы білетін осы ауылдың жігітін салдық та, өзіміз екінші көлікпен еріп отырдық.



Шаң жолда жүйткіген күйі Төр Алтайдың дәл түбіндегі Ирек бекетіне тірелдік. Ескі аустрия жолының аузына шағын үй салып, жол үстіне шлагбаум қойып тастапты. Айналаны қырандай қорып екі орманшы отыр. Өзімізді таныстырғаннан кейін барып шлагбаумды көтерді. "Бісміллә!" деп он екі иректің біріншісіне өрлей жөнелдік. Шеткері жұрт бұл жолды «ескі аустрия» жолы десе, жергілікті халық «Ирек» деседі. Олай дейтіні, таудан асып түскенше он екі иректі артқа тастайды екенсің.



Әр иректің өз атауы бар. Біріншісі ұзағынан ұзақ өр болғандықтан ба, «Ұзын ирек» аталып кеткен. Одан кейінгісі «Заячий поворот». Расымен де, жол бойында жортып жүрген қояндар көп кездеседі бұл маңда. Сөйтіп, «Қысқа бұрылыс», «Үлкен текше», «Голый поворот», «Солдатқұлаған» деп кете береді. Бұрылыстары да шұғыл, жол жиектерінде қорған болатындай ештеңе жоқ.


[caption id="attachment_19066" align="alignnone" width="1000"] "Солдатқұлаған" асуы[/caption]



Алтайдың екі-үш ирегін бағындырғаннан кейін-ақ жарқырап Мұзтау көрінді алдымыздан. Басында бір шөкім бұлт жоқ. Биіктеген сайын балқарағай самырсын, қарағайлар сирей түсіп, қорым тастар басталады.



«Голый поворот» дегендері осы шығар. Мотордың ышқынған дауысы да жиілей түсті. Көлік тізгініндегі Төлегеннің жан-жағына қарап, әсем табиғатты тамашалайтындай мұршасы жоқ. Екі көлік қатар сыймайтын жолдан қиыс кетсең, аман қалу-қалмауың екіталай.



Кеңес үкіметінің тұсында ғой деймін, қыстың күні Иректің ұшар басындағы «Солдат құлаған» асуынан совхоздың тракторымен бір жігіт ұшып кетіп, абырой болғанда тірі қалғаны бар. Ауылдықтардың айтуынша, трактордың қаңқасы сайдың ішінде әлі күнге дейін жатқан көрінеді. Одан кейін де техникалар құлап, біраз адам жазым болыпты.



Атауының өзі үрейіңді ұшыратын «Солдатқұлаған» асуына жетіп біраз аялдадық. Бұл биіктен Алтайдың баурайын жағалай жайлаған ауылдар алақандағыдай көрінді.




Қарасаң көз тоймайтын тұмса табиғатқа таңдана қарап тұрғанда Ғафу Қайырбековтың мынау бір өлең жолдары есіме түсті:


Ардағым Алтай даламның асқан төрі екен,

Таудың да тарлан таланттысы екен, сері екен.

Тау емес, мынау кілең бір алтын баспалдақ,

Алланың өзі аспаннан түсер жері екен.



Ақын ағам алтын баспалдаққа теңеген таудың келесі белесін бетке алдық. Алтайдың ескі аустрия жолымен шыққандағы ең биік нүктесі - Бұрқат асуы. Балқарағай самырсындары кісі бойынан аспайтын бұл асуда жылдың төрт мезгілінде гуілдеп жел соғады да тұрады.



Қысы ерте түсіп, жазы кеш шығады. Әрі қарай Қаба екі ортадағы Тарбағатай жайлауына дейінгі жол жазық. Айтарлықтай қауіп те жоқ. Құлдилай төмен түсесің.



Бұрқаттан түсе қалғандағы бірінші қыстақта Кеңес үкіметі тұсында орманшы болып Амантай Қысекин он жыл отырған. Бұл өңірдің әр тасын, жер-су атауларын бес саусағындай білетін де сол кісі.


[caption id="attachment_19080" align="alignnone" width="1000"] Төр Алтайдың биігіндегі Тарбағатай жайлауы осы[/caption]


- Волков аталып кеткен тауда қасқыр көп. Сол жердегі бір сайда ордалы жылан мекендейтін. Маңайындағы иіс мұрынды жарады. Миллиондаған жыландардың жыбырлап жатқанына қараудың өзі қорқынышты еді. Тас ұлары да көп кездесетін. Осы маңдағы биік шыңда бүркіттің ұясы бар. Шыңның етегінде аң-құстың сүйектері үйіліп жататын, - деген еді Амантай ақсақал бір әңгімесінде.



Түз тағысы көп кездесетін тауды көзбен көре алмадық. Бірақ Қаба өзенін бойлай кең жазық аңғармен Хрусталь тауына қарай бет түзедік. Жол-жөнекей орманшы Тайке Әділовтің үйі, қатарында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтардың лагері. Бұл жолмен еш бұрылмай шығысқа қарай тіке тартсаң Шындығатай заставасына алып барады. Біз Хрусталь тауына төрт-бес шақырым жетпей тізгінді тартып, жол нұсқап келе жатқан орманшы Тайкенің әңгімесін тыңдадық.


[caption id="attachment_19078" align="alignnone" width="1000"] Тәйке Әділов, орманшы[/caption]


- Қара Қаба, Арасанды Қаба, Темір Қаба, Тентек Қаба, одан кейін Ақ Қаба. Тағы Қабалар бар. Жеті Қаба Қытайға құйып, қайта бізге Қара Ертіс болып шығады екен. Ал анау жалтырап көрініп тұрған Хрусталь тауы. Ертеректе ол жерде кеніш болған, - дейді тау жақты иегімен нұсқаған орманшы.


Хрусталь тауын Қытайда тұратын қазақтар Достық тауы деп атайды. Неге десеңіз, тау Қытай, Ресей, Моңғолия мемлекеттеріне жақын тұр. Көрші елдердің татулығының белгісіндей болған Достық тауына шығуды алдағы жылдың еншісіне қалдырдық. Бірақ бұл аймақты бір күнде, бір аптада аралап шығу мүмкін емес. Бейне бір басқа әлем.



Осындағы жер-су атауларының мағынасы


ҚОСЖҮРЕК. Ерте кезде жартаста қос жүректің суреті болған екен. Тағы бір деректерде жүрек тәріздес жота бар көрінеді.

ТАРТАС. Бас жағы тар шағыл. Үнемі салқын жел соғып тұрады.

ЕРБАЛАНЫҢ АУЫЗ ҮЙІ. Қазір ол үйдің тамтығы ғана қалған. Ербала есімді жігіт ашаршылық жылдары аң аулап Шыңғыстайдың жұртын асырап отырған екен. Кейбіреу бұл жерді Қараңғы жұр деп те атайды.

КАРДОН. Кеңес үкіметі тұсында мал айдаушылардың (скотимпорт) базасы болған.

НАУРЫЗБАЙБҰЛАҚ. Ертеректе Наурызбай деген бай отырған.

АЛТЫҚЫЗ. Сол маңда алты қыз адасып, жоғалып кеткен көрінеді.


Суреттерді автор түсірген

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив