KZ
Өскемен
+13°
переменная облачность жел 1 м/с, В
464.72 496.32 5.4

Өскемен гарнизонының қызметкері «Қазақстан барысына» жолдама алды

12.05.2023, 09:41 1 333 Ләззат Қанатқызы

Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің гарнизондық спорт кешенінің бастығы капитан Талғат Қанатұлы Амренов «Шығыс Қазақстан барысы» турнирінде жүлделі ІІ орынға ие болды.

Енді ол республикалық додада облыстың намысын қорғайтын болады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Елімізде барша халық асыға күтетін «Қазақстан барысы» жарысы 12 жыл көлемінде үздіксіз өткізіліп келеді. Балуандардың белдесуі көпшілік қызықтайтын тартысты додалардың біріне айналған. Биыл аталмыш турнирде Шығыс Қазақстан облысының намысын 27943 әскери бөлімінің гарнизондық спорт кешенінің бастығы капитан Талғат Амренов қорғайтын болады.

Қорғаныс министрлігі армиясының орталық спорт клубының спортшысы Талғат Амренов - дзюдо, самбо күрестерінің спорт шебері және ересектер арасындағы қазақ күресінен Қазақстан және әлем чемпионы, қазақ күресінен халықаралық спорт шебері, көптеген жарыстардың жүлдегері.

2011 жылы Талғат Қанатұлы дзюдодан Қазақстан чемпионы атанғаннан кейін Қорғаныс министрлігі армиясының орталық спорт клубына мерзімді қызметке сарбаз болып шақырылды. Артынша келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастырды және сол жылдан бері армияның орталық спорт клубында қызмет етіп келеді.

2017 жылы Белоруссияның Минск қаласында қазақ күресінен өткен Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша 100 келіден жоғары санатта әлем чемпионы атанады. Осы атақтан кейін ол офицерлік лауазымға тағайындалды.

Биыл Талғат Амренов «Қазақстан барысы» жарысына төртінші рет қатысады. 2015 жылы ол республикалық додаға Шығыс Қасақстан облысы атынан, 2016 және 2019 жылдары «Әскер барысы» іріктеуінің жеңімпазы ретінде қатысты.

 

- Биыл іріктеу турниріне өңірдің мықты деген балуандары жиналған. Барлық спортшының дайындық деңгейін жоғары бағалаймын. Өзім 4 белдесу өткіздім. Бірінші Күршім ауданының балуанымен, кейін Өскемен қаласының, Шемонаиха ауданының балуандарымен күрестім. Соңғы белдесуімде Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының балуанына дес беріп ұтылып, жүлделі екінші орынға орнықтым, - дейді капитан Талғат Амренов.

«Қазақстан барысы-2023» жарысында Талғат Қанатұлы облыстың намысын ғана емес, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің де намысын қорғамақ.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив