KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 1 м/с, С
474.09 514.01 5.48

Өскеменде ғалымның мерейтойына орай танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды

19.05.2023, 16:06 486 ALTAINEWS

Филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Зәки Ахметовтің туғанына 95 жыл толуына орай Өскеменде Зәки Ахметов атындағы №16 мектеп түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Сонымен бірге мектептің ұстаздары әртүрлі деңгейдегі ғылыми конференцияларға да қатысып жатыр.

Ғалымның еңбектерін оқушылар арасында насихаттауға мектепішілік кештердің пайдасы мол. «Сөз маржаны» атты әдеби-танымдық кеште оқушыларға ғалымның еңбегі туралы мағмұматтар беріліп, әдебиеттанушы туралы басқалардың пікірлері таныстырылды.

Ал «Закитануға алғашқы қадам» тақырыбында 9-сынып оқушылары зерттеу жұмыстарын қорғады. Сонымен бірге мектеп оқушыларының Зәки Ахметов туралы танымдарын молайту, шығармашылығымен таныстыру мақсатында 10-11 сынып оқушыларынан «Өнегелі тағылым» тақырыбында жаппай диктант алынды.

Облыстық  балалар  және  жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері №16 мектептің 5-6 сынып оқушылары арасында мерейтойға арналған «Күмбездің күміс бағаны» атты портреттік кеш өткізді. Іс-шара барысында әдебиеттанушы, зерттеуші ғалым, профессор, академик Зәки Ахметовтің өміржолынан қызықты ақпараттар бере отырып, Kahoot бағдарламасында берілген тапсырмаларды орындады. Тақырыпқа сай кітап көрмесі таныстырылып, «Поэзия шыңы – даналық», «Өлең сөздің теориясы», «Абайдың ақындық әлемі» еңбектеріне тоқталды. Мектеп оқушылары іс-шарадан пайдалы мағлұмат алып қайтты.

Ал А.Пушкин атындағы облыстық кітапханадағы республикалық онлайн форсайт-форумда мектеп директоры Гүлзихан Сауырбаева ғалым есіміне лайықты сапалы білім мен тәлімді тәрбиеге, ғалым мұрасын шәкірт бойына сіңірудегі оқушылар мен ұстаздар жұмыстарына кеңінен тоқталды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Альмира Қабидолдина зәкитану бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасын таныстырып қайтты.

 

Айта кетейік, әдебиеттану, абайтану бағытында сүбелі еңбек еткен жерлесіміз Зәки Ахметов есімі құрметпен айтылады. Оның атында білім ордалары мен көше атаулары бар. Өскемендегі №16 мектеп оның атымен 2016 жылдан бері аталады. Білім ордасында 1300-ден астам оқушы білім алады. Мектепке ұлы тұлғаны ұлықтау мақсатында іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Мектепте зәкитану кабинеті жұмыс істейді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив