Өскеменде атаулы күндерге арналған көрме ашылды
Әдеттегідей биыл да атаулы күндер күнтізбесі аясында мереке, мейрамдар мен ұлтқа қызмет еткен ұлы тұлғалардың мерейтойлары тойланады.
Алдағы атаулы күндер мен мерейтойларға арналған «Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» атты көрменің таныстырылымы А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі
Облыс өміріндегі басты оқиғалар мен өңірімізге еңбегі сіңген атақты тұлғалар – мерейтой иелерін арқау еткен көрме бірнеше бөлімнен тұрады.
Аталған көрме мерейгер-мемлекет қайраткерлеріне арналған «Ұлт перзенті», қазақ халқының әдеби мұрасына сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгерлер, оның ішінде жерлес ақын-жазушыларға арналған «Өмір жырын шерте білген», еліміздің, өлкеміздің өнерін дамытуда ерен еңбегімен ел жүрегінен орын алған шығармашылықтың жарқын өкілдеріне арналған «Өнермен өрілген өмір» және «Өр Алтайда ізі қалған тұлғалар» атты бөлімнен тұрады.
Көрме қонақтары салтанатты шара барысында мерейгерлердің өмірі мен қызметі туралы көптеген қызықты фактілермен, баспа, бейне, фотоқұжаттармен және осы көрнекті тұлғалардың шығармашылық мұрасымен танысып, шақырылған тарихшы, зерттеуші ғалымдар, журналистер мен мерейгер жазушылардың тартымды баяндамаларын тыңдады.
Тарихшы, ҚАЕУ құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы, доцент Ардақ Абдрахманова мерейгер-мемлекет қайраткерлерінің өмірінен қызықты деректерге тоқталса, филология ғылымдарының кандидаты Хасенов Сәкен мерейгер жазушылардың шығармашылығымен жан-жақты таныстырды.
Айта кетейік, биылғы жылы аталып өтетін атаулы күндер қатарында Зайсан қаласының құрылғанына 155 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының құрылғанына 65 жыл, ШҚО жас техниктер станциясының ашылғанына 60 жыл, Б. Александров атындағы Спорт сарайының ашылғанына 55 жыл бар.
Cуреттер А.С.Пушкин атындағы кітапханадан алынды