KZ
Өскемен
+16°
небольшой проливной дождь жел 1 м/с, С
450.79 482.21 5.05

Енді ғылыми атақтар үшін қосымша ақы төленеді

27.04.2023, 22:33 255 Мадина Амангелдіқызы

Қазақстанда енді ғылыми атақтар үшін қосымша ақы төленетін болады.

Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Парламент Сенаты депутаттарының бастамасымен Ғылым және жоғары білім министрлігіне «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Ғылым мәселелері бойынша салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобалары енгізілді.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында заң жобалары аясында ғылыми-педагогикалық қызметті жүзеге асыратын педагогтарға, сондай-ақ базалық және іргелі қаржыландыру шеңберінде негізгі жұмыс орны бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын ғылыми қызметкерлерге ғылыми атақтары үшін қосымша ақы төлеу туралы түзету қолдау тапқан екен.

Ғылым кандидатына қазіргі уақытта ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы 17 АЕК (1 АЕК – 3450 теңге) көлемінде болса, енді ол 25 АЕК-ке дейін көтеріледі, сондай-ақ «Қауымдастырылған профессор» атағы қосылады. Ал егер оның «профессор» ғылыми атағы болса, бұл көрсеткіш 50 АЕК-ке дейін өседі.

Сондай-ақ арнайы заң жобасында ұйымның бюджет қаражатынан тыс есебінен орташа жалақысы сақтала отырып, бір жылға дейін шығармашылық демалыс беру мәселесі қаралды. Бұл ретте шығармашылық демалыс 10 жылда бір реттен артық берілмейді. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, мұндай демалыс АҚШ, Германия, Ресей және көптеген озық елдерде де беріледі.

Комиссия отырысында қарастырылған тағы бір мәселе – бизнес қаржыландыратын жұмыстарға қатысты. Бұдан былай олардың ғылыми немесе инженерлік-сервистік жұмыс екенін анықтау үшін белгілі бір дәрежеде сараптамадан өту ұсынылады. Қазіргі уақытта бірқатар бизнес құрылымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарына жатпайтын жобаларды қаржыландырып жүр. Жиын барысында бұл бөлікке ашықтықтың белгілі бір дәрежесін енгізу қажет екені айтылды. Сонымен бірге «супер шегерімдер» деп аталатын салықтық жеңілдіктер мен инвестициялық преференциялар біртіндеп енгізілмек екен.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив