KZ
Өскемен
+25°
переменная облачность жел 2 м/с, В
478.58 520.84 5.44

Ашаршылық туралы фильм көрерменге жол тартады

Фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

11.05.2023, 17:26 485

«Отырардың күйреуі», «Қош бол, Гүлсары!» фильмдерін түсірген Ардақ Әмірқұлов жаңа фильм түсірді. Режиссер «Жел тоқтаған жер» атты ашаршылық туралы туындысын көрермен назарына ұсынуға дайындалып жатыр.

Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Түсірілімге Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы көмек көрсетті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына сілтеме жасап.

Фильмнің негізі ретінде Жұпар есімді әйелдің өмірі алынған. Жұпардың күйеуіне жалған айып тағылып, Сібірге жер аударылған. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының басында Жұпар күйеуін іздеп жолға шығады. Екі баланың анасы сапарында адамгершілікке қайшы қиындықтар мен сынақтардан өтеді, ашаршылықтың қасіретін тартқан адамдарды кездестіреді.

Түсірілім өткен жылдың күзінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылында, Қосқұдық теміржол станциясында және Қонаев қаласының маңында өткен.

Басты рөлге Жанар Шопанова, Салих Бейсенбай, Мейіржан Мұсақожа және өзге әртістер таңдалған. Сценарий авторлары мен режиссерлері – Ардақ Әмірқұлов пен Бағлан Құдайберлиев.

Фильмде баяндалатын қасірет әр қазақ отбасының басынан өткендіктен ол жалпы аудиторияға арналған. Туынды ақ-қара форматта түсірілген.

– Ақ-қара формат сол жылдардағы атмосфераны сезіндіру үшін таңдалды, ол көрермендерді деректі шежіреге бағыттайды, – дейді Ардақ Әмірқұлов.

Қазір монтаждау жұмысы жүргізіліп жатқан фильм прокатқа осы жылдың күзінде шығады деп жоспарланған. Авторлар халықаралық кинофестивальдарға да қатысу ойда бар екенін атап өткен.

                               

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив