KZ
Өскемен
+25°
небольшая облачность жел 3 м/с, СБ
451.77 485.97 5.07

Бәйгеқұмдағы дүбірлі той – Зайсан ауданы

29.03.2023, 21:06 321 ALTAINEWS

Зайсан ауданы, Қаратал ауылдық округінің Бәйгеқұм жазығында Қаратал мен Үлкен-Қаратал азаматтарының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесі тойланды. Кейінгі 20 жыл мұғдарында Ұлыстың ұлы мейрамы аудан көлемінде бұлай кең ауқымда дүркіретіп тойланбаған шығар, сірә.

«Жұмыла көтерген жүк жеңі», «Бірлік бар жерде тірлік бар" демекші, округтен шыққан қаладағы, ауылдағы кәсіпкер азаматтар және ауыл тұрғындары қаржылай қолдау білдіріп, игі істің абыройлы өтуіне атсалысты. Зайсан ауданының әкімдігі тарапынан да қолдау көрсетілді.

Бәйгеқұм жазығында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан көтеріліп, көрші аудандардан, тіпті Абай облысынан Наурызды тамашалауға келген қараша халықтың, шабандоздар мен балуандардың қарасы мол болды. Екі күнге созылаған Бәйгеқұм жазығындағы Наурыз тойында халқымыздың кенжелеп қалған ұлттық ойындары: теңге алу, аударыспақ, қыз қуу, садақ ату, күрес және қол күресі сынды сайыстар өткізілді. Ал  осы ойындардың жеңімпазы мен жүлдегерлеріне берілген сый-сияпатты қараңыз. Мәселен, қазақ күресінен топ жарған балуанға түйе жетектетсе, екінші орынға тай, үшінші орынға тайынша тігілді. Қазақ күресінен 80 келіден жоғары салмақта күрескен балуандар арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның және Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, Абай облысы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылының балуаны Саят Шамиев жеңімпаз атанып, түйе балуан атағына ие болды. Екінші орынды қазақ күресінен және самбо, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінен әлем чемпионы Талғат Әміренов (Ұлан ауданы) иеленсе, үздік үштікті тағы бір халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінен Азияның және Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, Абай облысы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылының балуаны Әсет Ахметжанов түйіндеді.

Ал 80 келіге дейінгі салмақта сынға түскендер арасында бірінші орынды қазақ күресінен және самбодан спорт шебері, республика чемпионы, көкпектілік Е.Арғынов жеңіп алса, екінші орын қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер, облыстық жарыстардың жеңімпазы, Қаратал ауылының балуаны Фархат Болатовқа бұйырды. Үшінші орынды қазақ күресінен спорт шебері, республикалық және халықаралық додалардың жүлдегері, ақсуаттық Шалқыбек Рахметоллаев иеленді.

 

Тақымы тастай жігіттердің аударыспақ ойыны да аса тартысты өтті. Бұл сайыста 80 келіден жоғары салмақта топқа түскендер ішінен бірінші орынды Зайсан ауданы, Бақасу ауылының намысын қорғаған Алпирақ Қадыс жеңіп алса, екінші жүлдеге Зайсан ауданы, Сарытерек ауылының балуаны Ерен Қабылахат лайық деп табылды. Үшінші орын Зайсан ауданы, Қаратал ауылының балуаны Рауан Төренің еншісіне жазылды.

Ал 80 келіге дейінгі салмақта аударыспақтың көрігін қыздырған жігіттер арасынан Қаратал ауылының балуаны Шалқар Маратұлы топ жарды. Екінші орын Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының балуаны Еркебұлан Серіковке бұйырса, жүлделі үшінші орынды Зайсан ауданы, Қаратал ауылының балуаны Айбек Нүрпейісов иеленді.

Қазақтың тойы болған соң қара жердің төсін дүбірлеткен жүйріктерсіз бола ма?! Ауыздығымен алысқан, үзеңгімен қағысқан кіл жүйріктің өнерін тамашалады жұрт бұл күні. Наурыз тойына жиналған көпшіліктің де тағатсыз күткені бәйге еді. Қазақтың қанын тулатып, делебесін қоздырып, қиқу мен айқайға басатын, артынан аңыз қылып айтатыны да осы ат жарысы ғой. Бабы мен бағы қатар шапқан, Бәйгеқұмның шаңын аспандатқан арғымақтар да көп күттірмей көмбеге жетті. Бәйгенің төресі 30 шақырымдық аламанда семейлік Бақытжан Қызырбектің сәйгүлігі қара үзіп келді. Жеңімпазға автокөліктің кілті табысталды. Мәреге екінші жеткен жармалық арғымақтың иесі Мұхтар Садуақасовқа судай жаңа ертоқым салынған жылқы сыйға тартылды. Үшінші жүлдеге тігілген бір тай мен бір тайыншаны Зайсан ауданы, Дайыр ауылының тұрғыны Қуат Қасенов иеленді. Төртінші келген тарбағатайлық сәйгүліктің иесі Бердібек Исаев пен көмбеге бесінші болып жеткен зайсандық қылқұйрықтың иесі Санжар Қуатбекке бір-бір тайыншадан жетектетті.

Той бәйгеде топ жарған самарлық Р.Құдайбергеновке бір түйе мен бір тайынша, екінші келген тарбағатайлық Рүстем Ықыбаевқа бір тай мен бір тайынша, үшінші келген самарлық Сайран Жолдыбаевқа бір тайынша тарту етілді.

Сондай-ақ құнан бәйге, тай жарысы да болды. Құнан бәйгеде Бақытжан Сақтамбаевтың қылқұйрығы алдына қара салмаса, тай жарыста Ернар Садуақасовтың тайы озып келді. Бұл бәйгенің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне тай, тайынша, қой сияқты қомақты сый-сияпат жасалды.

 

Аладопты аспандатқан волейболшылар арасындағы бәсекеде Зайсан қаласының құрама командасы бірінші, Шілікті ауылының құрамасы екінші, Кеңсай ауылының құрама командасы үшінші орындарды жеңіп алды.

Ұлттық ат спортының бір түрі – теңге алу сайысында бірінші орынды Зайсан ауданы, Сарытерек ауылының өкілі Мирас Камалбеков иеленсе, қой көтеруден бірінші орынды Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының балуаны Әділет Солтановқа тең келер ешкім табылмады. Қыз қуудан бірінші орынды Зайсан ауданы, Айнабұлақ ауылының командасы жеңіп алды.  

Сауыр мен Сайқанның етегіндегі Наурыз тойын қызықтауға келген қос облыстың жұртшылығына ашық аспан астында тігілген сахнада аудан өнерпаздары мен қазақ эстрадасының жұлдыздары Қазыбек Әдікей, Ершат Қайырхан ұлттық өнерден тарту жасады. Ән әуелеп, күй төгілді. Ақшаңқан киіз үйлерде дастархан жайылып наурызкөже таратылса, кешке Қаратал ауылының қатымханасында ораза тұтқан жамағатқа ауызашар берілді.


Автор: Еркебұлан Зағыпаров,

Зайсан ауданы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив