KZ
Өскемен
-1°
переменная облачность жел 4 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Әскери прокуратура кәсіпкерлерді қолдауға келді

Фото: ШҚО Кәсіпкерлер палатасы

22.05.2023, 21:17 378

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен кәсіпкерлермен кездесуде Өскемен гарнизоны әскери прокуратурасының өкілдері өз қызметін гарнизонның әскери бөлімдері мен мекемелерінің аумағында жүзеге асыратын бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар туралы айтып берді.

Өскемен гарнизонының әскери прокуроры, әділет подполковнигі Есжан Сыбанбаев жиналғандарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобаның негізгі мақсаттары туралы, оның ішінде кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар жасау жөнінде сөз қозғады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

"Осы бағыттағы прокуратура органдары жұмысының басымдығы – кәсіпкерлердің құқықтарын бұзудың алдын алу. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін Өскемен гарнизонының Әскери прокуратурасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласында келіп түскен өтініштерге, оның ішінде прокурорлық ден қою шараларын қолдана отырып, дереу іске кірісетін арнайы мобильдік топ құрылды", – деп атап өтті Есжан Сыбанбаев.

 Прокурор Ұлттық ұлан желісі бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шарттарында тұрақсыздық айыбын заңсыз және дұрыс есептемеу фактілері анықталғанын айтты. Ол бұл жағдай шарттың орындалу мерзімі заңды күшіне енген күннен бастап емес, шарт жасалған күннен бастап қате есептелуіне байланысты қалыптасқанын түсіндірді.

"Осылайша, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзудың 62 фактісіне жол берілген, оның ішінде 26 тұрақсыздық айыбын заңсыз есептеу жағдайы және 36 қате есептеу жағдайы бар. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырып жатырмыз. Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына жауапты мемлекеттік органдармен келісім бойынша заңсыз есептелген тұрақсыздық айыбын қайтару схемасын әзірлеу тапсырылды", – деді Есжан Сыбанбаев.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив