ШҚО-да жоғалған жылқылар Алматы маңынан табылды
сурет ашық дереккөзден алынды
Ішкі істер министрлігі 3 мыңнан астам полиция қызметкерін, 200-ден астам ауыл шаруашылығы және ветеринариялық бақылау басқармаларының мамандарын тарта отырып, «Мал ұрлығы» жедел-алдын алу шарасын өткізді.
Төрт күнде мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 11 695 автокөлік, 4 226 сатып алу және өткізу орны, 8 708 шаруа қожалығы мен мал жайылымы тексерілді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Нәтижесінде 22 мал ұрлығы және бұрын жасалған 115 қылмыстың беті ашылды.
«Осы қылмыстарды жасаған 136 адам ұсталды, оның ішінде 19 ұйымдасқан топ бар. 589 бас мал табылып, заңды иелеріне қайтарылды», деп мәлімдеді ІІМ криминалдық полиция департаменті.
Сондай-ақ полиция өкілдері кеше Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында екі рет мал ұрлығын жасаған күдікті ұсталғанын хабарлады. Ұрланған 22 жылқы Алматы облысының Ұзынағаш ауданынан табылып, тәркіленді.