KZ
Өскемен
+26°
пасмурно жел 1 м/с, С
475.03 517.21 5.44

Өрендерді өнерге баулиды – ШҚО

Фото: massaget.kz

6.06.2023, 20:00 250 Оразай Жеңісұлы

Зайсан ауданындағы балалар музыка мектебі жас ұрпақты өнердің 11 түріне баулиды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Бұл туралы аталмыш мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Тоқтасынова хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде 33 мұғалім еңбек ететін білім ордасында домбыра, қобыз, шертер, прима домбыра, баян, фортепиано, актерлік шеберлікке даярлау, ақындық, дәстүрлі ән және хореография сынды 11 бағыт бойынша білім береді. Дәл қазір онда 703 баланың музыкалық білім алып жатқанын атап өткен ол мектептің бірнеше ауылда бөлімшелері жұмыс істеп тұрғанын айтты. Яғни Қаратал, Кеңсай және Дайыр ауылдарында домбыра мен хореография сыныптары ұйымдастырылса, Шілікті ауылында домбыра үйірмесі ашылған. Бүгінгі күні аталған ауылдардағы үйірмелерге 158 бала тартылған.

– Мектеп қабырғасында еңбек ететін ұстаздардың барлығы дерлік жоғары білімді, – дейді Жанар Тоқтасынова. – Олардың көпшілігі – туған жеріне  қайта оралған бұрынғы мектеп түлектері. Толағай еңбектің нәтижесінде  оқушыларымыз түрлі жарыста жүлделі орындарды иеленіп жүр. Оның бір дәлелі ретінде жақында Түркістан қаласында өткен республикалық жарыста мектептің хореография тобының бас жүлдені жеңіп алып, Түркияның Стамбул қаласында өтетін халықаралық өнер жарысына жолдама иеленгенін айтуға болады. Сонымен қатар мектеп оқушылары Астанада өткен «Шашу» халықаралық көпжанрлы байқауда да бас жүлдені қанжығалап, қазір Кіші Азия түбегінде өтетін дүбірлі додаға дайындалып жатыр.

 Мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты биыл ұстаздар маусым айының басынан еңбек демалысына жіберілмек. Осыған орай, мектепке жаңа оқушыларды қабылдау қыркүйек айына жоспарланып отыр. Мектепке қабылдау басталғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларда хабарландырулар беріледі.

 – Біздің үйірмелерге қатысуға көп бала тілек білдіреді. Дегенмен олардың барлығын түгелдей дерлік қабылдай береміз деп айтуға келмес. Алдымен баланың есту, тыңдау қабілетін тексереміз. Интонациясын байқаймыз. Осылайша тексеріп алған соң ғана дарынды балаларды қабылдап аламыз, – дейді ол.

 Басқа да ауылдарда осындай сыныптар ашуға болатынын атап өткен мектеп өкілі қазір маман тапшылығына байланысты мұндай мүмкіндіктердің болмай жататынын жеткізді. Дегенмен жергілікті жерде өнерлі мамандар болса, соларды тарту арқылы осындай сыныптарды ашуға мүмкіндік бар екенін айтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив