KZ
Өскемен
+21°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, В
474.83 518.99 5.4

Үнсіз педофилия: қазақ тіліндегі тұңғыш кітаптың тұсаукесері – ШҚО

Фото: автордікі

13.06.2023, 20:06 674

13 маусым күні Өскемен қаласында А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада "Үнсіз педофилия" атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың авторы – психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова.

Шығарушылардың айтуынша, кітап – осы тақырыпқа арналған қазақ тіліндегі тұңғыш туынды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Дерекке сүйенсек, 2021 жылы балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық бойынша 956 іс тіркелген. Қазақстанда балаларға қатысты қылмыстың 43%-ын жыныстық зорлық-зомбылық дерегі құрайды. Сонымен қатар, педофильдердің 60%-дан астамы баланы танитын жақын адам болып шығады.

Кітаптағы повесть пен әңгімелерге құрбандардың өмірінен алынған шынайы оқиға арқау болған. Одан өзге, кітаптан педофильден баланы қорғау тәсілі көрсетілген жадынама, педофилия дерегі үшін заң бойынша қандай жаза қарастырылғаны туралы мәлімет, осы тақырыпқа қатысты статистика мен терминдерді, басқа да деректерді табуға болады.

Бұл кітапты оқу ата-аналар, психологтар, мұғалімдер, дәрігерлер және баламен жұмыс істейтін кез келген маманға ұсынылады.

Шараға кітапты құрастырушылардың бірі – Анна Құдиярованың PR менеджері, шәкірті Зарина Қаһарман, кітап мұқабасындағы иллюстрацияның авторы Мерей Қайнаров, ШҚО балалар омбудсмені Аксана Каленова және мұғалімдер мен психологтар қатысты.

Рәсім барысында кітапқа енген оқиғалар, педофилия туралы дерек, оның себептері мен салдары, балаларды қорғау жолы туралы айтылды. Сонымен қатар мамандардың атқарып жатқан шаруалары мен ниет қойған бастамалары да аталды. Дерекке сүйенсек, психоаналитик Анна Құдиярова осы тақырыпқа арналған фильм түсіруге ниет білдіргенімен, қажетті қаражат жиналмаған. Алайда іс аяқсыз қалмай, Анна Мергенбайқызы шәкірттерімен бірлесе «Іш киім ережесі» атты ақпараттық бейнеролик түсірген.

– Жалпы, бұл кітаптың тұсаукесер рәсімі Ақтау, Ақтөбе, Орал және басқа да қалаларда өтіп жатыр. Онда Анна ханымның өзі жүр. Осы жақтағы шәкірттері, өзіміз, ұйымдастырып, тұсаукесерін өткіздік. Бұл – қазіргі уақытта негізгі, өзекті мәселелердің бірі. Осы уақытқа дейін «жабулы қазан» күйінде келе жатқан, айтуға қорқатын тақырыптардың бірі. Анна ханым осы тақырыпқа назар аударып, қолға алып, кітап жазып шықты. Кітапта повесть, үш әңгіме және педофилияға қатысты заң тұрғысындағы және өзге де қажетті ақпарат бар. Бұл кітап осы жағдайға бейжай қарамайтын кез келген жанға арналған. Осы кітапты оқу арқылы баламызды педофильден қорғап, педофилияның алдын аламыз, баламызға жақын болуды, сезімін сұрауды үйренеміз. Сондықтан құнды кітап деп ойлаймын. Оқырмандар бағасын берер. Кітапты Анна ханым мен командасы жазды. Өз клиенттеріміздің өмірінен алып, құрастырып жаздық. Бұл – осы тақырыпты қазақ тілінде алғаш көтеріп отырған туынды, – дейді психоанализ бағытындағы психолог Зарина Қаһарман.

  

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив