Катонқарағай ауданында Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы атап өтілді
Жерлесіміз, көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің туғанына биыл 80 жыл толды. Қаламгердің мерейтойын атап өту шаралары туған жері Катонқарағай ауданында сквердің ашылуынан бастау алды.
Мерейтой аясындағы басты іс-шара – жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкей музей-үйінің ашылу салтанаты.
Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы Серік Толықпаевтың демеушілігімен 10 млн теңгеге Оралхан Бөкей тұрған үйді сатып алып, музей жинақтап, мемлекет қарамағына берген.
Жалпы, іс-шараға Оралхан Бөкей шығармаларына арқау еткен, табиғатын жырлаудан жалықпаған Өр Алтайдың төріне жазушының жақындары, ақындар, жерлестері жиналды. Сондай-ақ Шыңғыстай ауылында «Төр Алтай бояулары» атты республикалық көрме ұйымдастырылды. Суретшілер 50-ден астам этюд салып, орындалған жұмыстарды О.Бөкей мұражайына сыйға тартты.
Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, Жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі Жәнібек Қабдуәлиұлы Қызыров қаламгерлер шығармашылығын дәріптеп, есімін еске алуға арналған жиын жас ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызды деген пікір айтады.
Жиынға Оралхан Бөкейдің жиені Клара Нұржақыпқызы Мағзумова қатысып, жиналған қауымды қаламгердің мерейтойымен құттықтады. Катонқарағайда ашылып жатқан Оралхан Бөкейдің мұражай-үйіне Иранда арнайы тоқылған, қаламгердің портреті бейнеленген кілем сыйлады. Сонымен қатар Оралханның жеке шапаны мен 1964 жылы түскен суретін табыстады.
Жазушының атына құран бағышталып, ас берілді, сондай-ақ ауданның құрметті қонақтарына «Оралхан Бөкейге – 80 жыл» атты төсбелгілері табысталды.
«Шолпандай таң алдына туып-батты» атты жаңа кітап жарық көрді.
Мерейтой этноауылда әр қаладан жиналған шабандоздардың бәйгесі, ұлттық ойындармен жалғасты.
Күні бойы жалғасқан шара спорттық ойындардан озып шыққан үздіктерді марапаттау салтанаты және үлкен гала-концертпен аяқталды.















