KZ
Өскемен
-1°
переменная облачность жел 4 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Өскеменде үш тілде дебат турнирі өтті

Фото: Аяужан Утеулинова

5.09.2023, 15:23 294

Тек Шығыс Қазақстанда ғана Ассамблеяның қолдауымен үш тілде зияткерлік сайыс өтіп тұрады.

Қазақстан халқы тілдері күніне орай ШҚО Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы және ШҚО Қазақстан халқы ассамблеясының ұйытқы болуымен студенттер арасында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дәстүрлі дебат турнирі өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.

 

Пікірсайысқа Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ және С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері қатысып, көптілділікке байланысты өз ойларын ортаға салды.

  

«Ассамблея жастары» бірлестігі ШҚО филиалының жетекшісі Равиль Юнусовтың айтуынша, елімізде тек Шығыс Қазақстанда ғана Ассамблеяның қолдауымен үш тілде зияткерлік сайыс өтіп тұрады.

–  Жыл сайын Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында облысымызда үш тілде дебат турнирін өткізу дәстүрге айналды. Зияткерлік сайыс арқылы мемлекеттік және өзге де тілдерді үйренуді насихаттаймыз. Жастардың тілді білуге деген құлшынысын арттыруға сеп болады деп ойлаймын. Болашақта облыстық дебат турнирі республикалық деңгейде өтеді деген ойдамын. Жалпы, Достық үйінде тіл үйренем деушілерге бірнеше тегін үйірмелер жұмыс істейді. Мұндағы ҚХА мүшелері өз тілдерімен қатар мемлекеттік, яғни қазақ және ағылшын тілдерін үйрене алады. Кез келген адамға есігіміз ашық, – деді Равиль Юнусов. 

 

Дебатқа қатысушы Аяна Зақанованың пікірінше, көптілділік – заман талабы.

–  Осы "көптілділіктің бізге керегі бар ма, жоқ па?" деген сауалдар әркімді мазалары анық. Менің ойымша, ана тілімізден бөлек өзге тілдерді білу аса маңызды. Көп тілді меңгерген жастар адамның мінезіне де, карьерасына да, өміріне де оң әсер ететінін айтып жатады. Өзге тілді білу жаңаша ойлауға және бұрынғы қалыптасқан пікірлеріңді одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізеді. Жаңашылдыққа, объективті ойлауға жетелейді. Десе де, ақын Қадыр Мырзалиев айтқандай, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», біз ана тілімізді құрметтеуіміз, білуіміз керек деп ойлаймын, – деді Аяна Зақанова.

Дебат турниріне қатысушылар бағалы сыйлықтар және алғыс хаттармен марапатталды.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив