ШҚО-дағы полиция өлімі: жариялауға жатпайды
Фото: ernur.kz
Бұл қайғылы оқиға өткен жылдың қазан айында болған.
Өскемен – Алматы тасжолының бойында, анығырақ айтсақ, Ұлан ауданының аумағындағы тасжолдың бойында қызметте жүрген патрульдік полиция инспекторы қаза тапты, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Didar ақпаратқа сілтеме жасап.
Полицейдің басы жүріп келе жатқан қызметтік көліктің есігіне қысылып, денесі сыртқа қарай шығып қалған. Оқиға орнында көліктің артқы жағынан сүйретілген мәйіттің ізі көрініп жатқан. Бейресми мәліметтер бойынша, қайтыс болған полицейдің жанында отырған серіктесі полиция инспекторының түсініксіз жағдайда «Нива» көлігінің сыртына шығып кетіп, басы есікке қыстырылып қалғанын айтқан. Осы оқиғаға байланысты қайтыс болған полицейдің жанында отырды делінген оның 36 жастағы серіктесі күдікті ретінде қамауға алынған болатын.
– 10 қазанда патрульдік полиция инспекторының қайтыс болу фактісі бойынша ҚРҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады облыстық ПД-нің баспасөз қызметі былтыр осы оқиғаға орай.
Ал жуықта облыстық полиция департаменті бұл жұмбақ өлімге байланысты оқиғаны тергеп-тексеру қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын хабарлады. Полиция қызметкерінің жанында болған серіктесі қайтадан қызметіне алынған-алынбағаны белгісіз.
– Полиция қызметкерінің қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру ҚПК-нің 35-бабы, 2-тармағы, 1-бөлігі негізінде тоқтатылғанын хабарлаймын (яғни, қылмыс құрамының болмауына байланысты). Қылмыстық істі тоқтату туралы қабылданған шешіммен Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы келісті. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректері жария етуге жатпайды, – деп жауап берді полицияның жұмбақ өліміне қатысты қойған сауалымызға ведомство басшысының міндетін уақытша атқарушы Д.Қожахметов.