KZ
Өскемен
+25°
переменная облачность жел 2 м/с, В
478.58 520.84 5.44

Жағалаудағы үйлерді электрмен жабдықтау мәселесі шешімін тапты - Самар ауданы

Фото: podrobno.uz

29.09.2023, 22:00 383 Мадина Амангелдіқызы

Самар ауданында Бұқтырма жағалауындағы үйлерді электрмен жабдықтау мәселесі шешілді.

Биыл 11 тамызда Самар аудандық полиция бөліміне Б.Мурзиннен арыз түскен. Ол «Баты сервис» ЖШС меншігіндегі №53,54,55 электр бағандарын қисайтып тастаған белгісіз тұлғаларға тиісті шара қабылдау жөнінде өтініш білдірген, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Тексеру барысында Миролюбовка ауылдық округіне қарасты Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы демалыс базалары электр қуатын екі электр желісінің иесінен, яғни Б.Мурзин басқаратын «Баты сервис» ЖШС мен Н.Кручинин басқаратын «ҚазТрансАвиа» ЖШС-дан алатындығы белгілі болды. Бұл екі серіктестік те өз тұтынушыларына электр энергиясын Самар «БЭСК» АҚ АЭЖ-мен жасалған келісімшарт негізінде жеткізіп отырған. 

Биыл шілде айында «ҚазТрансАвиа» ЖШС тауарлы ауылшаруашылық өндірісін жүргізу мақсатында өзіне тиесілі аумақтан 0.3 га жер учаскесін қоршап, күзет қойып тастағаны белгілі. Ал дәл осы учаскеде бұған дейін орнатылған «Баты сервис» ЖШС-ның үш электр бағаны қалып қойған.

Тамыз айының 8-і күні бағандар қисайып, электр қуаты апаттық жағдайда ажыратылды. Салдарынан демалыс базалары да, тұрғын үйлер де белгісіз уақытқа жарықсыз қалады.

«Баты сервис» ЖШС басшылығы полицияға электр бағандарын қасақана қисайтып тастағанын айтып, арыз түсірген. Жантайып қалған бағандарды қалпына келтіруге тырысқанымен, «ҚазТрансАвиа» өкілдері жекеменшік жер учаскесіне кіруге рұқсат бермей қойыпты.

Тамыз айының 12-сі күні ғана жарықсыз қалған демалыс базаларына электр энергиясы беріледі. Бірақ қисайған бағандар сол беті қалпына келтірілмеген. Даулы мәселені екі кәсіпкер заң аясында шешуге бел буады.

Ал екеуі дауын шеше алмай жүрген кезде бағандар сол қисайған қалпында тұра берген. Бұл апаттық жағдайға әкелуі мүмкін еді. Сондықтан АЭС мамандары осы маңда электр қуатын беруді тоқтатып, жағалаудағы 2 мыңнан астам адам тұрып жатқан 1500 үй жарықсыз қалды.

Ақыры мәселені шешу үшін жергілікті билік араласты. Аудан әкімдігі кәсіпкерлердің ғана емес, жергілікті халықтың да мүддесін ескере отырып, дауды заң аясында шешіп берді.

Бүгін мәселенің ымыраға келу арқылы шешілгені анықталды. Самар ауданының әкімі Нұрлан Махамбетовтың айтуынша, қазіргі уақытта жағажайда электр энергиясы қалпына келтірілді.

 - Бүгін Самар жағалауындағы апаттық жағдай бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл бірінші рет болып тұрған жоқ. 16 тамыздан бері құлаған бағандарды үш рет көтеріп, орнына қойған едік. Бір апта бұрын бұл жұмыстарды «ҚазТрансАвиа» қожайындары жүргіздірмеді. Бүгін жұмыстар жүргізіліп, жарық қосылды, - деді Нұрлан Махамбетов.

Аудан әкімі «ҚазТрансАвиа» ЖШС мен «Баты сервис» ЖШС қожайындарын тұтынушыларға зиян келтірмей, арадағы дауды тек заң аясында шешуге шақырды. Сондай-ақ аудан басшысы жекеменшік тұлғалар мен компанияларға тәуелді болмайтын жаңа электр желілерін орнату мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтып өтті.

 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив