KZ
Өскемен
+25°
переменная облачность жел 1 м/с, С
478.58 520.84 5.44

Күршім ауданы Өскеменге ауылдың дәмін әкелді

Фото: Тілеубек Шаяхметов
Фото: Тілеубек Шаяхметов
30.09.2023, 10:47 322

«Туған жер – алтын бесігім» жобасының аясында  Өскеменде Күршім ауданының мәдени күндері өтіп жатыр. Бүгін шаралар легі ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне ұласты. Таңертеңнен бері жәрмеңкеге келген халықтың қарасы толастар емес. Өндірушілер жәрмеңкеге ауылдың дәмін әкеліп, арзан бағаға өткізді.

Күршімдіктер базарлық ретінде қарбыз да ала келген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

— Бүгін облыс әкімі Ермек Беделбайұлының бастамасымен Өскемен қаласында Күршім ауданының мәдени күндері өтіп жатыр. Кеше Күршім өнерпаздары қатысқан концерт өткіздік. Тек қана Күршім өнерпаздары келді, 150 адам. Бүгін міне жәрмеңке өтіп жатыр. Мақсатымыз — Күршім, Марқакөл тумаларының есіне қайдан шыққанын түсіріп, оларға да туған жерін еске алуға мүмкіндік сыйлау. Азаматтар бір-бірімен көрісіп, білісіп жатқаны ғанибет, – дейді Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышов.

Жәрмеңкеге ет, сүт өнімдері, балық және бал, көкөніс қойылған. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев жәрмеңкені аралай жүріп өндірушілермен тілдесіп, оларды алаңдатқан мәселелерге назар аударып, аудан әкіміне тапсырма берді.

— Ірі-қара мал ұстап, одан кейін ферма салдым. Май заводын салдым, сүт өнімдерін шығарамын. Мақсатым — малдарды табиғи жем-шөппен асырап, сол арқылы табиғи өнім алып, қоспасыз өнімдерді, оның ішінде 7-8 түрлі сүт өнімдерін алып, халыққа ұсыну. Ірі-қара малдың сүт, ет өнімдерін халыққа ұсыну — негізгі мақсатымыз, – дейді “Нұралы” шаруа қожалығының басшысы Амантай Иқамбаев. – Малға жем-шөпті туралап, таратып салатын құрылғы бар. Сол жағынан несие не грант арқылы көмек көрсетілсе деп ойлап едім.

Жәрмеңкеге несие, грант алып, кәсібін ашқан азаматтар да қатысып жатыр. Бұл жолғы жәрмеңкеге балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер жаңа аулаған, тірі балық әкелген. Ол балық сатудың осы тәсілін қайта жаңғыртуды көздейді.

— Кезінде гастрономдарда тірі балық тұратын. Балықты кеше аулап, әкелдік. Біздің өнімге антибиотик, қоспалар қосылмайды, таза өнім. Біздің тоған 1200 гектарды алып жатыр, үлкен кешеніміз бар. Біздің негізгі жұмысымыз — Зайсан көліне, Бұқтырма су қоймасына және бүкіл облыстың су қоймалары мен көлдеріне балық жіберу. Одан өзге ас шаян өсіреміз, – дейді Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығының директоры Сымбат Ануарбеков. – Бізге Ресейден селекциялық материал әкелу керек. Екіншіден — балықтың жемін дайындау керек. Ол үшін үлкен цех керек. Күршім ауданына үлкен цех салып берсе, оны ынталандырса, біз дайынбыз.

Өнерпаздардың концерті мен ұлттық ойындар сайысы жәрмеңкенің көркін қыздырып, жұрттың назарын аударды. Ләңгіні 264 рет тепкен Иса Саржан үздік атанса, асық атуда Сұлтан Амантай үздік шықты. Ал қошқар көтеру сайысының жеңімпазы Әділет Солтанов 68 рет көтерген    қошқарын жүлдеге алды. Гир көтеруден 70 келіге дейінгі дәрежеде Амантай Нұрмағанбет, 70 келіден жоғары салмақта Қапас Бигужан жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетсек, жәрмеңкеде тұтынушы тауарды өндірушіден ала алады. Бұл жерде делдал болмайды. Жәрмеңке алдағы уақытта Өскеменде ашылатын көтерме-тарату орталығының қызметін уақытша атқарып тұр. Көтерме-тарату орталығы өнімді арзан бағаға, тұрақты түрде алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мәдени күндердің аясында аудан тумаларының арасында шағын футбол мен волейбол жарысы өтті. Шағын футбол жарысында 1-орынды “Бейбітшілік” командасы, 2-орынды Спорт мектебінің құрамасы, 3-орынды “Қазақтелеком” командасы иеленді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив