KZ
Өскемен
-11°
небольшой снег жел 2,5 м/с, ОШ
453.35 492.02 4.96

"Мәңгілік ел - болашаққа ұмтылған ел" байқауының жеңімпаздары марапатталды - ШҚО

1.12.2023, 20:15 1 001 ALTAINEWS

Өскеменде бүгін өткен «Мәңгілік ел - болашаққа ұмтылған ел» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды.

 

Байқауды Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды  Altaynews.kz тілшісі.          

 

Өңіріміздің барлық ауданынан жиналған 160-тан астам дарынды оқушылар ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрімізді насихаттайтын сахналық қойылымдар қойды. 

 

Мәселен, сахнаға алғашқы болып шыққан зайсандық оқушылар қуанышты хабар әкелушіге берілетін сүйінші жайлы көрініс қойса, тарбағатайлық оқушылар топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысының көрігін қыздырды. Қатонқарағай ауданынан келген оқушылар «Сал-серілік» тақырыбындағы тамаша қойылымын дайындап әкеліпті. Ал Күршімнің өнерпаз қыздары ұмыт болып бара жатқан ұлттық өнердің бірі - киіз басудың қыр-сырын үйретті.  Салт-дәстүрлеріміздің ішінде көнеден келе жатқан жоралғылардың бірі – бесікке салу. Қазақ халқы үшін қасиетті бұл дәстүрді Самар ауданынан келген қатысушылар сахналады. Ал Өскемен қаласының командасы Наурыз мерекесінің тамаша дәстүрлерін көрсетті.

 

- Халқымыздың рухани мұрасын, өнері мен салт-дәстүрлерін насихаттайтын мұндай шаралар оқушылардың мәдениетін, эстетикалық талғамы мен шығармашылық қабілетін дамытады. Командалардың барлығы жауапкершілікпен, жақсы дайындықпен келіпті, - дейді қазылар алқасының мүшесі Дос Айжарықұлы.

 

Байқау қорытындысы бойынша I дәрежелі дипломмен дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты мен Өскемен қаласының командасы, II дәрежелі дипломмен  облыстық мамандандырылған IT- мектеп-лицейі мен Зайсан ауданының командасы, ал III дәрежелі дипломмен Риддер қаласы, Катонқарағай, Ұлан және Самар аудандарының белсенді оқушылары марапатталды.

 

Облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева білімді әрі өнерлі оқушыларды құттықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар және ақшалай сыйлықтар табыстады.

 

 

Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив