KZ
Өскемен
-10°
небольшой снег жел 2,3 м/с, ОШ
453.35 492.02 4.96

Үздік педагог-2023: Шығысқазақстандық мұғалімдер жеңімпаздар қатарында

Фото: otyrar.kz

4.12.2023, 19:42 1 072 ALTAINEWS

«Үздік педагог-2023» республикалық конкурсының қорытындысы шығарылды.

 

Республика бойынша 64 мұғалім «Үздік педагог» атағына ие болды, соның ішінде 3 мұғалім Шығыс Қазақстан облысынан, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.          

 

Меруерт Мұқашева – Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Педагог-шебер Меруерт Мұқашева – ұстаздықтың Хан-апасы атанған Қанипа Бітібаеваның шәкірті. Еңбек жолын ұстазының тәлімімен бастап, авторлық сыныпта бірге қызмет еткен. Бүгінде Қанипа Омарғалиқызының республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасының жетекшісі болып, ұстазының педагогикалық мұрасын насихаттауда.

  

Ал жас маман Руслан Исраилов – М. Әуезов атындағы  №17 орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. 28 жасында Қазақстанның және ТМД-ның үздік педагогы, көптеген олимпиадалар мен конкурстарда жеңімпаз болған Руслан Исраилов бүгінде педагогика ғылымдарының докторы атанып отыр.

  

Айсұлу Бекшойынова – Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің педагогика және арнайы пәндер оқытушысы және «Отбасылық тәрбиенің негіздері» оқу құралының авторы. Оның педагогикалық тәжірибесі облыстық деңгейде бірнеше рет таратылған.

  

Аталған барлық жеңімпаздардың шәкірттері жыл сайын халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен байқаулардың жүлделі орындарын иеленіп жүр.

 

«Үздік педагог» атағының иегерлері республикалық бюджет есебінен 1000 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сертификатпен және төсбелгімен марапатталды.

 

Байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздарына куәлік және 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы берілді. Олар - Зәки Ахметов атындағы №16 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Зүлфия Көшерова және Өскемен қаласындағы «Исток» жеке жалпы білім беретін мектебінің география пәнінің мұғалімі Елена Королёва.

 

- Барлық жеңімпаздарды лайықты марапаттарымен құттықтаймын! Кәсіби еңбектеріңіз үшін алғысым шексіз. Осы жетістікпен тоқтап қалмай бұдан да биік шыңдарды бағындыра беріңіздер, - дейді ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.


 

 

Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив