ШҚО-да Лу Бань шеберханасы ашылды
ШҚО-да Д. Серікбаева атындағы ШҚТУ базасында қазақстандық Лу Бань шеберханасының ашылуы өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
«Лу Бань шеберханасы» – Қытайдың кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық жобасы. Шеберхана - инженерлік практиканың инновациялық жобасын (Engineering Practice Innovation Project (EPIP)) оқыту әдісімен және екі елдің жоғары инженерлік білім беру саласындағы жетістіктерімен алмасу арқылы ШҚТУ білім алушыларын даярлайтын орталық. Осы ретте академиялық білім беру мен даярлықтың үздік сапасын қамтамасыз ету үшін озық Қытай жабдықтары пайдаланылады.
Ашылу салтанатына қатысқан ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде елімізді мықты ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру мақсатында шетелдің ең мықты оқу орындарының филиалдары ашылып жатқанын атап өтті. Биыл мұндай 4 филиал ашылса, келесі жылы тағы 5 ЖОО филиалын ашу жоспарланып отырған көрінеді.
"Лу Бань" жобасын жүзеге асыру барысында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың 15 оқытушысы Тяньцзинь кәсіби институтының базасында бір айлық оқуға барып, заманауи Қытай технологияларын қолдана отырып, автомобиль жасау туралы жан-жақты біліммен қатар, тәжірибе жинақтап қайтқан.
Аталған Лу Бань зертханасы қазір әлемнің 20 елінде жұмыс істеп тұр. Шеберхана академиялық бағытты ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын да көздейді.
Жиын барысында сөз алған Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо алдағы уақытта екі ел арасында бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екенін жеткізді.
Тараптар зертханалармен танысқаннан кейін "Автомобиль зияткерлік технологияларын қолдану мен жетілдірудің қазақстандық инжинирингтік орталығын" құру туралы үшжақты келісімге қол қойды.