Марқаға қараторғай ұшып келді - ШҚО
Шартты сурет
Марқакөл қорығына жыл құстары қайтып оралып жатыр.
«Көктем келді, ақпан «шалдың» аяғы көктен келді» дейтіндей емес, Марқакөл жақта әлі қыс. Ауа температурасы наурыз айы бойы -15, -25 градусты көрсетіп тұрған. Бірақ күннің суықтығы жыл құстарының ұя басқан мекеніне ұшып келуіне еш кедергі бола алмапты, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Ақпан айының соңында жүргізілген қысқы есепке алу кезінің өзінде-ақ Қалжыр өзенінің басынан көкала үйрек тобы көзге шалынған. Көктемнің жақындағанынан хабар бергендей Ұрынхай өзенінің сағасынан итала қаз – үлкен ашық қызыл үйректер көрініп, алашұбар тартқан беткейлердің сәнін келтіре бастаған.
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері әлеуметтік желіде қорыққа жыл құстарының оралып жатқанын хабарлап, қанаттылардың суреттерімен бөлісті (суретте).
Енді, міне, Марқакөлді алқалай қонған Ұрынхай ауылының көшелері де қараторғайлардың қоңыр сазды үніне бөленіпті. Дымқыл тұман басқан күзгі суықта Марқакөлді тастап, оңтүстікке, жыраққа кеткен жұдырықтай қараторғай, әне, сызылтып тал басында сайрайды.
Жер дүниені жылылыққа бөлеуге құштар қараторғай – табиғаттың нағыз емшісі, егіннің қорғаушысы, зиянкестің жауы. Балапандарына тамақ таситын қараторғай күніне 2 мыңға тарта жәндікті құртады екен. Біздің жақтан кеткен қараторғайлар көбінесе Үндістан, Пәкістан жақта қыстап шығатын көрінеді. Қанаттарын талдырған талай қиындықтарға қарамастан Отанына, Марқакөліне аман-есен ұшып жеткен құстар шөп-шалам, бұтақ іздеп, ұя салудың қамымен абыр-сабыр.
Халқымыз жақсы көрген, Ақан сері әнге қосқан қараторғайлардың да қатары сиреп бара жатыр деседі орнитологтар.
Шығысқа «Қызыл кітап» керек
Жуықта өткен облыстық қоғамдық кеңестің жанындағы Экология комитетінің отырысында орнитолог-ғалым Борис Щербаков Шығыс Қазақстан аймағында көптеген аң-құстың жойылып кету қаупі барын жеткізді. Соңғы жылдары аймақта ондатра, қоян, бүркіт, сұңқылдақ аққу, ителгі, сусар, тағы да басқа аңдар мен құстар мүлдем сиреп кеткен.
Отырыста өзен-көлдерде балықтың да азайып бара жатқаны, жекеменшікке берілген көптеген су көздерінде балық қорын молайту шараларының шала-шарпы атқарылып жатқаны айтылды.
Орнитологтар, табиғат қорғаушылар Шығыстағы жануарлар әлемін сақтап қалу үшін шұғыл шара қолдану қажет деген пікірде. Олар ең әуел, аймақтың фаунасын толық есепке алып, тіркеу жүргізу қажет, өңірлік Қызыл кітап ашып, Қара Ертіс қорығын құру қажет дейді. Шығыста құрып бітуге айналған құстар мен жануарларды осылай ғана сақтап қалуға болады. Сондай-ақ олар салалық министрлікке, жауапты органдарға ителгі мен бүркіттің балапанын (олармен аң аулау үшін) ұясынан алуға және көктемде аң атуға үш жылға дейін тыйым салу керек деген талаптар ұсынды.
Автор: Жанаргүл МҰҚАТАЙ