KZ
Өскемен
+15°
переменная облачность жел 2,1 м/с, В
464.72 496.32 5.4

«Торпедоның» құлдырауына бас бапкер кінәлі - клуб президенті

15.01.2019, 06:16 204


«Торпедо» келесі жылы да Жоғары хоккей лигасында ойнайтын болады. Бұл туралы Б.Александров атындағы спорт сарайында ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында өскемендік клубтың президенті Николай Проскурин мәлім етті.


– «Торпедо» Жоғары хоккей лигасынан ешқайда кетпейді. Ел арасында мұндай қауесетті кім таратып жүргенін білмеймін. Бірақ, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Өткенде облыс әкімі Даниал Кенжетайұлымен кездескен болатынмын, ол кісі де «Торпедоның» Жоғары хоккей лигасында өнер көрсеткенін қалайды. Сондықтан сүйікті командаларыңыздың болашағына алаң болмаңыздар, – деді Н.Проскурин журналистерге берген сұхбатында.


Ол, сонымен қатар қазір клубта біраз ауыс-түйіс болып жатқанын айтып, оған түсіністікпен қарауға шақырды. Мәселен, жақында командадан Роман Дюков, Иван Яценко, Александр Куваев, Сергей Денисов, Николай Глухов, Кирилл Тамбиев сияқты бірқатар хоккейші кетіп, олардың орнын Артем Лихотников, Станислав Заборников, Дмитрий Стулов, Алексей Шантыка, Андрей Караваев сынды ойыншылар басты. Жаттықтырушылар құрамында да біраз өзгеріс орын алды. Олардың ең негізгісі Мисхат Фахрутдиновтың команданың бас бапкері қызметінен кетуі болды.


– Жасырып қайтейін, «Торпедоның» тізгінін Ерлан Сағымбаевқа ұстатқалы отырмыз. Ерлан Ерлесұлы бұған дейін де бапкерлік қызметпен айналысқан, бұл жұмыстың қыр-сырын жақсы біледі. Қазір Сағымбаев баптайтын «Алтай Торпедо» Қазақстан біріншілігінде сәтті өнер көрсетуде. Сол себепті, алдағы уақытта оның орнына басқа жаттықтырушыны қойып, Ерлан Ерлесұлының қолына негізгі команданы сеніп тапсырмақшымыз. Ол – білікті маман әрі өскемендік және қазақстандық хоккейдің жанашыры. Сағымбаевтың «Торпедоны» алға сүйрейтініне күмәніміз жоқ, – деген клуб президенті қазір өскемендік ұжым Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының бар болғаны 18-ші орнында орналасқанына қарамастан, команданың алдында жылдағыдай плей-офф кезеңінде топ жару мақсаты тұрғанын жеткізді.



Николай Проскурин команданың бұрынғы бас бапкері Мисхат Фахрутдинов туралы да сөз саптады. Оның мәлімдеуінше, биылғы біріншілікте «Торпедоның» ала-құла ойнауына басқа емес, Мисхат Кашафутдинұлының өзі кінәлі.


– Ол адамның команданың бас бапкері болуына әу бастан қарсы болғанмын, алайда менің пікіріме ешкім құлақ аспаған еді. Фахрутдинов ойыншылар таңдауда бірқатар кемшілікке жол берді, қазір соның кесірін тартып отырмыз. Қалай болғанда да, енді жағдайымыз оңалады деп үміттенемін, – деді ол.


Баспасөз мәслихаты барысында, сонымен қатар балалар-жасөспірімдер хоккейін дамыту, негізгі құрамға жергілікті хоккей мектебінің түлектерін тарту, «Алтай Торпедо» командасының мәртебесін арттыру, абонементтердің құнын арзандату сияқты мәселелер сөз болды. Соңғы мәселеге қатысты «Торпедо» президенті: «Билет бағасын төмендетпейміз. Биыл да, келесі жылы да абонементтер құны өзгеріссіз қалады. Онсыз да, Жоғары хоккей лигасындағы ең арзан билеттер бізде екенін ұмытпаңыздар» деп жауап қайырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив