Ольга Рыпакова спорттық мансабын аяқтады
Олимпиада Чемпионы, әрі бірнеше дүркін жүлдегері, отандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова кәсіби мансабын ресми аяқтады.
Ол бұл туралы жеңіл атлетикадан жабық жайдағы Х Азия Чемпионатында мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
- Еліме ризамын! Президентіміз бен спорт жетекшілерінен бастап, менің жас жанкүйерлеріме дейін бір ғана, бірақ өте маңызды нәрсе – маған СЕНІМДЕРІ үшін алғыс айтамын. Мені тұлға ретінде, кәсіби спортшы ретінде танытуға мүмкіндік берген тағдырға және Жаратушыға алғыс айтамын, - деді спортшы.
Отандық спорттың дамуына үлкен үлес қосқаны үшін ҚР Премьер-Министрі спортшыға алғыс хат жолдады.
- Сіздің жарқын жеңістеріңіз қазақстандық жанкүйерлердің жүрегінде мәңгі қалады. Біз сіздің спортқа және принциптерге деген адалдығыңызды бағалаймыз. Ел бойынша мыңдаған бала сізден үлгі алады және отандық жеңіл атлетика дәстүрін жалғастырады. Отандық спортты дамытуға қосқан үлесіңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз. Құрметпен, ҚР Премьер Министрі Алихан Смаилов, - делінген алғыс хатта.
Салтанат соңында спортшы жанкүйерлер алдында құрмет шеңберін жүгіріп өтті.
Оқи отырыңыз