KZ
Өскемен
+22°
небольшая облачность жел 3 м/с, Ю
442.85 480.32 4.94

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік медаль шығады

9.03.2021, 12:53 433

ҚР Ақпарат және Қоғамдық Даму министрлігі «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Жарлықтың жобасын дайындады.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін, - делінген құжатта. 

Сондай-ақ, Жарлықта мерейтойлық медальмен наградтаудың тәртібі де бекітілген.

Мерекелік медальдің бет жағында (аверсінде) «ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ» деген жазу орналасқан. Мерекелік медальдің төменгі бөлігінде ұлттық ою-өрнек бейнеленген.

Мерекелік медальдің сыртқы бетінің (реверсінде) ортаңғы бөлігінде төрт жолмен орындалған «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ» деген жазу бейнеленген. Жазудың төменгі және жоғарғы жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан.

Медальдағы бейнелер мен жазулардың бәрi де бедерлi, алтын түстес. Аверс пен реверс беті күңгірт. Сары түсті металдан (жезден) дайындалады.

Медальмен Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары және шетел азаматтары наградталады.

Наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының Парламенті, Үкіметі, министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар енгізеді.

Мерекелік медальді Қазақстан Республикасының Президенті тапсырады.

Министрлік аталған жобаны талқылауға шақырады.

Жоба мына сілтеме бойынша қолжетімді: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=7279350


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив