KZ
Өскемен
-8°
небольшой снег жел 1 м/с, В
523.86 544.34 5.11

Бақшаға арналған биосенсор

18.04.2023, 21:38 659 Оразай Жеңісұлы

Еуропалық одақ бақша өнімдерінің бойындағы дәрумендерді жылдам анықтауға арналған сенсор шығарды. Аталмыш технология өзіңіз өсірген өнімнің құрамында жетіспейтін дәруменді алдын ала біліп, реттеуіңізге мүмкіндік береді.

Фермерлерді, азық-түлік өндірушілерді, технологиялық зертханаларды және университеттерді біріктіретін European Food Screening EMR жобасы егін шаруашылығын жаңа сатыға көтермек. Осы мақсатта жұмыс істеген зерттеушілер мен өнертапқыштар егіс алқабына пайдасы мол биосенсор жасап шығарды. Оның басты ерекшелігі – жылыжайдағы көкөністердің дәрумендік құрамын санаулы минуттарда анықтауында. Биосенсордың алғашқы сынағы голландиялық Баарло жылыжайында өткен.

Биосенсор анықтаған барлық ақпаратты қарапайым әрі түсінікті түрде ұялы телефоныңыздан көре аласыз. Жоба серіктесі Yookr осы мәселе бойынша күн санап технологияның қолайлылығын жетілдіруде. Аталмыш құрылғы көкөністердің дәрумендік құрамын түсіне сәйкес анықтайды. Яғни, түстердің дәлме-дәл кодын тауып, сол арқылы өсімдікке ненің жетіспей тұрғанын телефонға жөнелтеді. Бұл өз кезегінде бағбандардың жұмысын жеңілдетіп, құнарлы өнім алуының кепілі болады.

– Әдетте, көкөністердегі немесе жемістердегі дәрумендердің құрамын анықтағыңыз келсе, нәтиже алу үшін кем дегенде бірнеше күн қажет, өйткені өнім зертханаға кетеді. Ал біз бүгін сенсормен өлшеп, нәтижені бір минуттан аз уақыт ішінде беруге дайынбыз, – дейді компанияның директоры Джон ван Хелден.

Food Screening EMR жобасының бюджеті – 2 миллион еуро. Еуропалық фермерлер осы жоба арқылы ауыл шаруашылығының деңгейін жаңа сатыға көтеріп, сапалы өніммен қамтамасыз етуге ниетті. Аталмыш бастамаға онға жуық Германия, Бельгия және Голландия университеттері, ғылыми орталықтары мен компаниялары қатысуда.

 Ынтымақ Толқын

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу