KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 3 м/с, СБ
457.98 490.86 5.26

Шығыста IT-фестиваль өтті

Фото: Тілеубек Шаяхмет

31.05.2023, 21:39 2 610 Мадина Амангелдіқызы

Өскемен қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі 10-шы «New Generation» облыстық IT фестивалі өтті.

Фестивальға ШҚО әкімі Даниал Ахметов қатысып, жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Шығыста соңғы жылдары IT саласын дамытуға ерекше мән берілуде. Жыл сайын дәстүрлі түрде «New Generation» IT фестивалі өтеді. Биылғы фестивальға 163 мектеп оқушысы, колледж  және  жоғары оқу орындарының 100-ден астам студенті қатысып отыр.

Фестивальдың мақсаты – білім беру саласындағы жаңа инновациялық технологияларды ұсыну және талқылау, АКТ қолдану саласында пән мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру, оқушыларды ғылыми-техникалық шығармашылыққа тарту бойынша тәжірибе алмасу, ақпараттық технологияларды қолданудағы озық педагогикалық тәжірибені тарату.

Облыс әкімі Даниал Ахметов шара барысында қатысушылардың жобасымен танысты.

 

Айта кетсек, 2018 жылдан бері аймақ басшысының бастамасымен 35 миллионнан астам теңгенің 39 StartUp-жобасы жүзеге асырылған. Бұл жолы тағы 10 StartUp-жобаны жүзеге асыру үшін 21 оқушы 20 млн теңгенің грантына ие болды.

– Алғашқы  фестивальдың 2014 жылы өткені есімде. Десе де бүгінгі фестивальды онымен салыстыруға болмайды. Бұл фестивальдың деңгейі өте жоғары. Өздеріңіз білесіздер, ХХІ ғасыр – цифрландыру ғасыры. Сіздердің бүгінгі тамаша жобаларыңыз болашаққа жол ашады. Қазақстан міндетті түрде бәсекеге қабілетті болуы керек. Қазақстанның дүниежүзі елдерімен бәсекеге түсуге әлеуеті әбден жетеді. Ендеше, еліміздің IT саласын алға сүйрейтін өздеріңіз боласыздар, – деді облыс әкімі шара жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде. 

Облыс әкімінің айтуынша, бұрын гранттың мөлшері 10 миллион теңге болса, алдағы уақытта оның мөлшері 30 миллион теңгеге дейін көбейеді.

  

StartUp-жоба жеңімпаздарының арасында дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназия оқушыларының екі жобасы бар: бірі Бақыт Елдос пен Мадина Мүрсәлімованың «Кибер жүрек» атты жобасы болса, екіншісі – Досымжан Смайылұлы мен Диас Көрпештің «Электронды кезек» жобасы. Сондай-ақ Ұлан ауданындағы Р.Мәрсеков атындағы орта мектеп оқушыларының «Көкөністерді топырақсыз өсіру», облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің «Бейнебақылау негізінде білім беру мекемесінің студенттерін бақылау жүйесі», Риддер қаласындағы №1 мектеп оқушыларының «Дезинфектор робот», т.б. жобалар бар. 

Фестиваль аясында «Skills for geeks» чемпионаты мен «IT-Ustaz» облыстық байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Бұл чемпионатқа жыл сайын екі мыңнан астам бала қатысатын көрінеді. Ал «IT-Ustaz» облыстық байқауына биыл 15 ұстаз қатысыпты. Бұл байқауда үшінші орынды Өскемендегі Ы.Алтынсарин атындағы №39 мектептің информатика пәні мұғалімі Марина Дмитриева ие болса, екінші орынға Өскемен қаласындағы Абай атындағы №33 орта мектептің информатика пәні мұғалімі Кенжехан Жамай лайық деп табылды. Ал бірінші орынды дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының роботты техника мұғалімі Базар Ұйымхан жеңіп алды.

 Жалпы, бұл жолғы «New Generation» 10-шы облыстық IT-фестиваліне «Kids Skills», «Maker Fest», «Junior Skills», «StartUp-жобалар»,  «Robotime», «ClusterPro» атты 6 сектор бойынша барлығы 77 жоба ұсынылды.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив