Күннен қуат алатын тротуар
Фото: blog.solarenergymaps.com
Мажарстандық стартап – Platio жаяу жүргіншілерге арналған ерекше жол салуда. Аталмыш жоба қала көшелеріне көрік беріп қана қоймай, күн сәулесінен электр қуатын өндіреді.
Экологиялық таза энергияны жинақтауға бағытталған жоба бес жылда жақсы нәтижеге жеткен. Көшелерге тротуар ретінде төселетін материал бөтелке қалдықтарынан жасалады. Әр пластик тақтайша күн энергиясын жинайтын 21,5 Вт батареямен жабдықталған. Экоматериал қалыңдығы 10 миллиметрлік сырғанамайтын әрі соққыға төзімді әйнекпен қапталған. Модульдік жүйелер ғимараттарды, құрылғыларды және электромобильдерді жасыл энергиямен қамтамасыз етеді. 20 шаршы метрлік Platio орташа есеппен бір отбасының жылдық энергия шығынын жабуға қабілетті. Компания тұтынушыларына аталмыш материалдың қызыл, көк, сары түрін ұсынып отыр. Ал болашақта жаяу жүргіншілердің тротуарға түсірген салмағы арқылы да электр қуатын алу жоспарлануда.
Platio – орнатуға өте жеңіл әрі қарапайым. Қала көшелеріне немесе аулаға орнатылған тротуар 50 жылдан астам қызмет етеді. Оны саябақтар мен қоғамдық орындарға орындық ретінде де орнатуға болады. Сол арқылы халық телефондарын, электр құрылғыларын қуаттай алады.
Аталмыш жоба біздің елде де жүзеге асқан. Астанадағы Green mall сауда орталығының кіреберісіне 80 шаршы метрлік тротуар төселген. Ол сауда орталығы үшін 11,7 кВт электр энергиясын өндіреді.
Ынтымақ Толқын