KZ
Өскемен
+15°
небольшая облачность жел 0,2 м/с, ОШ
451.38 487.22 5.14

"Рингке тымақ киіп шығамын" - Айдос Ербосынұлы, кәсіпқой боксшы

23.07.2019, 11:22 315

Негізгі міндет – жыл соңына дейін әлемді бағындыру! Міне, болашаққа осындай өршіл жоспар қоя білетін қазақстандық кәсіпқой боксшы, осы уақытқа дейін шаршы алаңда бірде бір рет жеңіліп көрмеген Айдос Ербосынұлы Шығысқа келді. Қайын жұртқа келген қазақ батырын аз-кем әңгімеге тарттық.

Айдос Ербосынұлы – бүгінгі таңда Дүниежүзілік боксшылар ассоциациясының (WBA) рейтінгінде сегізінші орынға табан тіреген жас спортшы. Кәсіпқой рингте өнер көрсетуге үш жарым жыл бұрын ғана ауысқан Айдос бүгінде 11 жекпе-жек өткізіп, барлығында қарсыластарынан басым түскен. Сегіз қарсыласын нокаутқа жіберген. WBA және WBС (Дүниежүзілік боксшылар кеңесі) тұжырымдары бойынша екі дүркін Азия чемпионы болған ол – 2018 жылдың желтоқсан айында Мәскеуде өткен бокс кешінде WBO Global белдігін жеңіп алған тұңғыш қазақ.

Бекзаттай болуды армандадым

– Ең соңғы жетістігің жайлы айтып өтсең.

– Алматыда өткен кездесуде WBA International белдігін жеңіп алдым. Бұл белдікті алуым арқылы менің салмағымда, яғни 76,2 келі супер орта салмақта өнер көрсететін 1500 спортшының ішіндегі TOP-15 рейтингісіне еніп, сегізінші орынға жайғастым.

– Қай өңірдің тумасысың?

– Алматы облысының Жаркент қаласы маңындағы Көктал ауылында дүниеге келгенмін.

– Кәсіпқой рингке шыққанға дейін әуесқой бокстың талай сынынан өткенің белгілі. Сол туралы не айтасың?

– Әрине, кәсіпқой рингке келмес бұрын әуесқой бокстан өтпеу мүмкін емес. Бұл спорттың осы түрін таңдаған қай спортшының болмасын өтетін бір кезеңі екені рас. Мен кәсіпқой боксқа ауысқанға дейін Қазақстан Республикасының турнирлерінде күміс, қола жүлделерге қол жеткізіп жүрдім. Сонымен қатар Қазақстан кубогының чемпионымын. Бірнеше халықаралық турнирлерде жүлделі орындарға табан тіредім. Әуесқой бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері талаптарын орындадым. Бұдан бөлек, «Astana Arlans» командасының сапында және ұлттық құрамада болдым.

– Осы жерде біраз кідіріс жасап, «Astana Arlans» командасының сапында жүрген кездерің жайлы айта кетсең.

– Әрине, «Astana Arlans» командасының құрамында өнер көрсету әуесқой бокспен айналысатын қай боксшының болмасын арманы екені рас. Әуесқой бокстың кілең мықтылары жиналған бұл командада жүріп, кәсіпқой бокстың алғышарттарын қалыптастырдым. Әлемнің талай елдерін аралап, тәжірибе жинақтадым. Жалғыз емес, командада болудың дағдыларын үйрендім. Бұл команда сапында мен Бүкіләлемдік бокс сериясының чемпионы болдым.

– Спорттың осы түріне деген қызығушылық қалай пайда болды?

– Бокс спортына келуіме әкем себепкер болды. Кезінде марқұм Бекзат Саттарханов ағамыз 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының чемпионы атанған кезде мен оның жекпе-жегін көріп, сондай боксшы болуды армандадым. Балалық шақтағы арманым отбасымыз Алматы қаласына көшкенде орындалды, өйткені сол уақытта Жаркент қаласында бокс үйірмесі болған жоқ болатын. Бесінші сыныпқа көшкен кезде әкем жетектеп апарып бокс үйірмесіне жазды. Содан бері қолымнан былғары қолғапты тастаған емеспін. Жасөспірім шағымда әлемдік деңгейде болмаса да, ел ішінде танымал болдым. Біреудің бағы жанады, біреудің бабы келеді дегендей, кей кездері тамыр-таныстыққа да кез болып, кедергілерге тап болғанымыз рас.

– Жалпы, кәсіпқой бокс пен әуесқой бокстың арасындағы айырмашылық қандай? Жаңағы өзің айтқан тамыр-таныстық кәсіпқой боксқа әсерін тигізе ме?

– Таза спорттық тұрғыдан қарасақ, кәсіпқой және әуесқой бокстың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Мысалы, жай ғана раунд санын алып қарайық: әуесқой бокста ең көп дегенде үш раунд болса, кәсіпқой рингте оның ең азы төртеу, болмаса 10 немесе 12 раундты құрайды. Әуесқой бокста спортшылар бірінші, екінші, үшінші орындарға таласса, кәсіпқой алаңда біз таза рейтинг үшін тартысқа түсеміз. Кәсіпқой рингте тамыр-таныстық деген мүлдем жоқ десе де болады. Мұнда әр жекпе-жектің нәтижесі өзіңнің дайындығыңа, әдіс-айланы меңгеруіңе, психологиялық мықтылығыңа, тіпті ішкен асыңа дейін байланысты болып жатады.

Әлі жеңіліп көрген жоқ

– Психологиялық тұрақтылықтың маңызы зор ма?

– Әрине, рингте физикалық дайындықпен қатар психологиялық жағынан да мықтылық таныта білу өте маңызды. Бапкердің айтқанын бұлжытпай орындау, әр жағдайдан шыға білу, қарсыласыңның қас-қабағын бағу – мұның барлығы рингке шыққан кезде спортшыға өте ауыр салмақ түсіретіні сөзсіз. Кейбір спортшылардың жүйкесі сыр беріп, қарсыласын тыйым салынған дене бөліктерінен ұрып жіберуі, соққылар жіберіп алуы орын алып жатады. Сырт көзге боксшылар рингте ойнап жүргендей көрінуі мүмкін. Жанкүйерлеріміз, я болмаса таныстарымыз «сол кезде неге сөйтіп ұрмадың?» деп айтып жатады. Бірақ ринг – ойдың барлығын ұмыттырып, жоспарды бұзатын алаң.

– Тамақтану рационың қандай, жаттығуларға қанша уақытың кетеді?

– Жақсы спортшы болу үшін дұрыс тамақтанып, дәрумендер қабылдау керек. Дұрыс ұйықтау қажет. Жаттығуларымды күніне екі реттен – таңертеңгі және кешкі уақыттарда, күніне 4-5 сағаттан жүргіземін. Жалпы, жаттығуды әр жекпе-жекке екі ай уақыт қалғанда бастаймын.

– Өзің қазіргі уақытта қанша раундтық жекпе-жектер өткізіп жүрсің?

– Соңғы төрт жекпе-жегімді он раундтан өткіздім. Келесі жекпе-жек 12 раундтық болады деп жатыр.

– Жеңіс, сеніңше, оңай келе ме?

– Жеңіс оңай келеді деп ойламаймын. Жеңіс – кішкентай бөлшектерден құралатын нәрсе. Әр жекпе-жекке тыңғылықты дайындықпен шығу керек. «Анау боксшының рейтингі әлсіз» деп рингке шыға салуға болмайды. Күтпеген жерден соққы алып, нокаутқа немесе нокдаунға түсіп қалуың ықтимал. Сондықтан алдын ала қарсыласыңның осыған дейінгі қатысқан жекпе-жектерінің видеотүсірілімін көріп, бапкермен ақылдасып, оған қарсы әдіс-айлаларды қалыптастырамыз.

– Қазіргі уақытта бапкерің кім? Жақын арада басқа кәсіпқой боксшылар сияқты шетелге қоныс аударып, бапкер ауыстыру ойыңда жоқ па?

– Бапкерім – елімізге танымал боксшы, ел чемпионатының жеңімпазы, Қазақстан спартакиадасының екі дүркін чемпионы, Шығыс Азия ойындарының, Әлем кубогының, Азия чемпионатының жүлдегері Қанат Орақбаев деген азамат. Әзірге бапкер ауыстырайын деген ойым жоқ. Қазіргі уақытта промоутерлеріміз жұмыс істеп жатыр. Алдағы жепе-жектерімізге, бәлкім, шетелдік маманды да шақыруымыз мүмкін. Өзімнің бапкеріммен қатар ол да мені баулитын болады.

– Өзің шет елдерді көп аралайсың. Неше түрлі ұлт өкілдерімен жекпе-жекке шығасың. Жалпы, мықты спортшы болу ұлт таңдай ма?

– Кәсіпқой бокстың отаны болып келетін АҚШ-тың спортшылары өте мықты, сондай-ақ бұл істе ағылшындар да дес бермейтін халық. Бұл елдерде осы спорт түрі жақсы дамыған. Бір ерекшелігі, спортшыларын корпуспен ұруға жақсы машықтайды. Қазақстанда бұл – жаңа дамып келе жатқан әдіс. Десек те қазақстандық боксты да әлсіз деуге келмес. Кеңестік мектептің қалыптастырып кеткен әдіс-тәсілі әлі де бар. Біз көбіне аяқпен жұмыс істеуге үйренеміз, яғни қарсыласты қашықтықта ұстауға машықтанамыз. Өзің соғып, өзіңе соққы дарытпау әдісі – бұл бокстағы үлкен әдіс-айлалардың бірі. Ал америкалық боксшылардың бір артықшылығы, олар орта қашықтықта жақсы өнер көрсетіп, қорғаныс әдістерін ұтымды пайдалана біледі.

– Кәсіпқой боксқа ауысуыңа не себеп болды?

– Бірінші кезекте – жас мөлшерімнің кетіп бара жатуы. Әрине, әлі де әуесқой бокста жүре тұруыма болушы еді. «Олимпиада чемпионы болу» деген арманым болған. Алайда 25 жасымда кәсіпқой рингке ауысып кеттім. Сондай-ақ кәсіпқой бокста қандайда бір жетістікке жетсем деген арманым болды. Әуесқой бокста жүріп, келесі жылы өтетін Олимпиадаға қатысуға болушы еді. Бірақ ол кезде мен 28 жаста боламын. Осы жаста кәсіпқой рингке ауысу тым кеш. Көп адамға керек болмай, ешкімді қызықтырмай қалуым мүмкін еді. Дер уақытында ауысқанымның арқасында қазір 11 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеттім. Төрт атақты белдікті жеңіп алдым.

– Әр спортшының рингке шыққанда өзіндік бір белгісі болады. Мысалы, Геннадий Головкин қазақы ою-өрнекті шапанын киіп шығады. Сенде сондай бір ерекшелік бар ма?

– Мен де ұлттық киіміміздің бір түрін дәріптеп жүрген спортшымын. Рингке ою-өрнекті шапан мен қазақы тымақ киіп шығамын.

– Негізгі соққыларың қандай?

– Қарсыласты корпустан ұру. Бауырға тиген соққылардың ауыр болатыны белгілі, сондықтан осы әдісті жиі қолдануға тырысамын.

– Қазақстанның атынан шығып жүрген мықты спортшылардың бірісің. Енді айтшы, әр жекпе-жекте жеңіске жетіп, арқаңа көк туымыз жабылғанда, әнұранымыз шырқалғанда қандай күй кешесің?

– Бұл кездегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ел алдында атақ-абыройға бөлену кез келген адамды қанаттандырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив