KZ
Өскемен
+22°
небольшая облачность жел 3 м/с, Ю
442.85 480.32 4.94

Аң аулау мерзімдерін білесіз бе?

17.07.2019, 12:15 274

Естеріңізде болса, біз бұған дейін биылғы жылы өңірімізде ауланатын аң-құстың лимиті белгілі болғаны жөнінде жазған болатынбыз. Бұл жолы сол лимит бойынша әр аң-құстың ауланатын мерзімдері жөнінде хабардар етуді жөн көрдік.

Бұл жердегі басты мәселе «аулау лимиті берілді екен» деп аңды қынадай қыру емес. Әр аңның аулау мерзімі бар. Ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/157 бұйрығының 11 қосымшасында белгіленген. Бұған қоса аталмыш құжатта Тұяқты жануарларды, қоңыр аюды, ал көктемгі аң аулауда аталық үйректерді, саңырау құр, құр және жылқышы аталықтарын олжалау аңшылық шаруашылығының тиісті субъектісі қорықшының, ал резервтік қордың алқаптарында жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспектордың қатысуымен жүргізілетіндігі көрсетілген.

– Шығыс Қазақстан облысы еліміздің қиыр солтүстік-шығысында орналасқан, – дейді облыстық Орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жануарлар дүниесі жəне аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Дидахметов. – Жалпы аумағы 283 мың шаршы шақырымды құрайтын облыстың 15934,612 мың гектары аңшылық маңыздағы жерлер болып табылады.

Облыс аумағында 57 аңшылық учаскелерінің барын алға тартқан құзырлы инспекция өкілі олардың 31-нің аңшылық шаруашылықтарына берілгенін, ал қалған 26-ның бүгінгі таңда резервте тұрғанын айтады. Олардың ішінде 14 аудандық аңшылар мен балықшылар қоғамдастықтарын қоластына біріктірген «ШҚО аңшылар мен балықшылар бірлестігі қоғамдастығы» іргелі аңшылық шаруашылығы болып саналады.

– Əр аңшылық шаруашылығында арнайы білімдері бар аңшылар мен егерьлік қызмет штаттары бар. Қазіргі уақытта облыстағы аңшылық шаруашылықтарында арнайы киім мен, егерьлік куəліктермен, төсбелгілермен, байланыс жəне көлік құралдарымен қамтамасыз етілген 177 адам егерьлік міндет атқарады. Олар «жануарлар түрлерін есепке алуды жүргізу тəртібі» бойынша өз аумақтарындағы жануарлар санына есептеу жүргізеді, – деп қосты Самат Дидахметов.

Аң аулау мерзiмдерi

Су тышқан (ондатра) - 1 қазан - 15 ақпан

Кәдiмгi тиiн - 20 қазан - 15 ақпан

Жанат тектес ит, қарсақ, түлкi, бұлғын, құну, сарғыш күзен, ақ қалақ, ақкiс, сары күзен, сасық күзен, американ су күзенi, кәмшат (ортаазиялықтан басқасы), сiлеусiн (түркістандықтан басқасы), жанат, қоян (құм қоян, ақ қоян, ор қоян) - 1 қараша - 15 ақпан

Зорман (сары тышқан) - ұйқыдан шыққаннан бастап - 30 сәуiрге дейін

Суырлар - 15 маусымнан бастап ұйқыға жатқанға дейін

Шалшықшылар, жылқышы - 1 шілдеден бастап 30 қарашаға дейін

Бөдене, кептер, түркептер - 20 тамыздан бастап 30 қарашаға дейін

Маймаққаз, қаз, қарашақаз, үйрек, қасқалдақ - қыркүйектің алғашқы сенбісінен бастап 30 қарашаға солтүстік өңірлер бойынша, 15 желтоқсанға дейін оңтүстік өңірлер бойынша

Шiл (аққұр, тундралық, сұр, дала шiлi, сақалды шiл), шіл - қыркүйектің алғашқы сенбісінен - 15 қарашаға дейін

Құр - қыркүйектің алғашқы сенбісінен - 30 қарашаға дейін солтүстік аймақтар бойынша, 15 желтоқсанға дейін оңтүстік аймақтар бойынша

Қоңыр аю (тянь-шань аюынан басқа) - қыркүйектің алғашқы сенбісінен - 30 қараша аталықтары мен қысыр қалған аналықтарын көктемгi аулауға 15 сәуір - 15 мамыр кезеңiнде 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзiмге рұқсат етiледi

Борсық - қыркүйектің алғашқы сенбісінен - 31 желтоқсан

Марал, аскания бұғысы, қабан, құдыр, бұлан - 1 қыркүйек - 31 желтоқсан

Сібір елігі - 20 қыркүйектен бастап 31 желтоқсанға дейін

Сібір тау ешкісі - 1 қыркүйектен бастап 31 желтоқсанға дейін

Саңырау құр - 1 қазан - 30 қараша аталықтарын көктемгi аулауға 1 наурыз - 15 мамыр кезеңiнде 15 күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмге рұқсат етіледi

Гималай ұлары, кекiлiк - 1 қазан - 15 желтоқсан

Құндыз - 15 қазан - 31 желтоқсан

Қырғауыл - 15 қазан - 31 желтоқсан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив