KZ
Өскемен
+21°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, В
474.83 518.99 5.4

Ғұламаны еске алу кеші өтті – Өскемен

30.05.2023, 11:07 569 Оразай Жеңісұлы

Биыл қазақ ғұламасы, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойы мен әнші, белгілі шәкәрімтанушы Келденбай Өлмесековтің 70 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Осыған орай А.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» атты еске алу кеші өтті.

Шәкәрім Құдайбердіұлы – қазақ руханиятына сарқылмас қазына қалдырған тұлға. Атап айтсақ, өлең-дастандар, мысалдар, нақыл сөз, проза, қара сөздер, аудармалар. Сондай-ақ ақынның артында көптеген әндері қалды. Осы әндердің жиырма шақтысы Қ.Керімқұлов, А.Шәкәрімұлы, Н.Алдажаровтар арқылы кейінгі ұрпаққа жетсе, одан кейінгі кезеңдегі Шәкәрімнің ән мұраларының ХХІ ғасырға жетіп, ел санасына сіңіп, жадында жатталуына ерекше үлес қосқан бірден-бір әнші – Күршім ауданының тумасы, шәкәрімтанушы, ҚР мәдениет қайраткері Келденбай Раузаұлы Өлмесеков.

 

Кеш қонақтары Ш.Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты тың деректер алып, кітапхана қызметкерлері ұсынған көрмеден ақын қаламынан шыққан көптеген шығармаларымен танысты. Сонымен қатар өмірін Шәкәрімнің музыкалық мұраларын іздеуге, елге таныстыруға арнаған, осы мақсатпен қазақтың Алтайдан Атырауға дейінгі аралығын жиырма жылдан аса уақыт аралаған, Шәкәрім әндері десе, кез келген қазақтың есіне алдымен есімі түсетін Келденбай Өлмесековтің Шәкәрім әндерінің насихатталуы жолында атқарған еңбегі туралы айтылды. Әншінің өмірі мен бүкіл шығармашылығына арналған «Сұраған жанға сәлем айт…» атты алғашқы жарық көрген кітабы оқырманға ұсынылды.

Өмірде мәңгі жасар ғұмырлар бар. Ол артында сөзі, әні қалған ән иесінің де, әншінің де, әннің де мәңгі ғұмыры. Басқосуда ақынның өлеңдері оқылып, әншінің әндері орындалды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив