KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 2,1 м/с, З
444.32 473.33 4.76

Отандық ядролық ғылымның көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі жетістіктері

15.08.2023, 11:38 615 Оразай Жеңісұлы

Білім беру барысындағы маңызды басымдықтардың бірі ғылым мен білімді және өндірісті біріктіруді дамыту болып саналады. Осы бағытта Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті көп жыл бойы ірі ұйымдармен, соның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығымен ойдағыдай ынтымақтасып келеді.

Өзара іс-қимыл кадрлар даярлауды көздейді, бірнеше жыл бойы ҚР ҰЯО-да ШҚУ физика кафедрасының филиалы жұмыс істейді, «Физика және химия ғылымдары» бағыты бойынша докторлық диссертацияны қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес жұмыс істейді, сондай-ақ сутегі технологиясы және композициялық материалдар сияқты салаларда бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламаларын іске асыру, ақпарат алмасу қарастырылған.

Бүгінгі таңда сутегі энергетикасы – Қазақстанды технологиялық тұрғыдан дамытудың негізгі трендтерінің бірі. Еліміздің экономиканы декарбонизациялауға деген ұмтылысын ескерер болсақ, бұл бағыт жыл сайын маңызды бола түсетіні сөзсіз. Сутегінің энергия тасымалдаушы ретіндегі негізгі перспективалары отын элементтерін пайдаланумен байланысты.

Айта кетейік, қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырыс шеңберінде біз Қазақстан Республикасында баламалы энергетиканы дамыту үшін сутегін өндіру және сақтау технологияларын әзірлеуге бағытталған бірлескен ғылыми жобаны іске асырып жатырмыз.

Amanzholov University мамандары отын элементінің тиімді жұмыс үлгісін әзірлеу үстінде. Отын элементін портативті электронды құрылғылардағы қоректендіру көздерін немесе аккумуляторларды, автомобильдердегі іштен жанатын қозғалтқышты ауыстыру үшін пайдалануға болады. Сонымен қатар ол шағын энергетикалық қондырғыларда тұрғын үйлерді энергиямен және жылумен қамтамасыз ету үшін және мегаваттық электр станцияларында ірі көлемде электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылады. Отын элементінің басқа энергия түрлендіргіштерінен жалпы артықшылығы – жоғары тиімділігінде және қоршаған ортаға зиянды шығарындылардың болмауында.

ҚР ҰЯО-мен ынтымақтастық нақты қолданбалы міндеттерді шешуге, ғылыми әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретінін және сол арқылы Amanzholov University студенттері мен жас ғылыми қызметкерлері атом және сутегі энергетикасы саласында сапалы білім алатынын ерекше атап өткім келеді.

Бұл ретте қол жеткізілген ғылыми нәтижелер, Ұлттық ядролық орталық біліктілігінің жоғары деңгейі, ғылыми бағыттардың кеңдігі, бірегей эксперименттік база бізге басқа салалардағы бірлескен зерттеулер бойынша әлеуетті байланыс нүктелерін іздеуге мүмкіндік береді.

Бұл – қысқа мерзім ішінде ғылыми-зерттеу бағдарламаларын қалыптастыруға, «Байкал-1» және ИГР реактор кешендерінің бірегей ғылыми-зерттеу базасын жаңғыртуға, ядролық қауіпсіздік, реакторлық және радиациялық материалтану және басқа да бағыттар саласында жұмыс істейтін зертханалар құруға қол жеткізген Қазақстанның азғана ғылыми кәсіпорындарының бірі. Көптеген жұмыс шетелдік серіктестермен бірлестік аясында және олардың тікелей қатысуымен жүргізілді.

ҚР ҰЯО құрған эксперименттік базада жапондық әріптестермен бірлесіп жаңа буындағы энергетикалық ядролық реакторлардың қауіпсіздігін негіздеу үшін бірегей эксперименттер жүргізілді. Ұсынылған жұмыс шеңберінде қол жеткізілген, әлемдік ғылыми-техникалық қоғамдастық мойындап, кең сұранысқа ие болған ғылыми нәтижелер ҚР ҰЯО-дағы атом энергетикасы және термоядролық энергетика саласында жүргізіліп жатқан зерттеулердің жоғары деңгейі мен бірегейлігін көрсетеді. Атом ғылымы мен ядролық технологиялар саласындағы негізгі нәтижелер мен ғылыми жетістіктер жыл сайын Қазақстан Республикасының ғылым жөніндегі ұлттық баяндамасының беттерінде атап көрсетіледі.

Басқарылатын термоядролық синтез проблематикасы бойынша өте маңызды зерттеу нәтижелері алынды, плазмалық-шоқ қондырғысы және КТМ сияқты бірегей қондырғылар жасалды, жаңа білім игерілді, ИТЭР-ге қатысушы алдыңғы қатарлы елдердің халықаралық консорциумына қатысу және бағытты дамыту негізі қамтамасыз етілді.

Биыл Ұлттық ядролық орталық Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын алуға ұсынылды. Менің ойымша, бұған негіз бар және қол жеткізілген нәтижелер ең жоғары бағаға лайық. Ал біз, өз кезегінде, еліміздің ойдағыдай дамуына бағытталған келешек ғылыми бағыттарды одан әрі дамытатын жоғары білікті жас кадрларды даярлауды жалғастырамыз.  

                                                                   

Мұхтар Әділбекұлы Төлеген,

 С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры,

 профессор, заң ғылымдарының кандидаты, PhD философия докторы,

 ҚР педагогика ғылымдары академиясының академигі

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив