KZ
Өскемен
+13°
небольшая облачность жел 5 м/с, С
457.98 490.86 5.26

ШҚО-да «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаттары марапатталды

Тілеубек Шаяхметтің суреті

5.09.2023, 13:56 646 Ләззат Қанатқызы

Бүгін облыс орталығында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.

Елімізде дәстүрлі түрде өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы биыл оныншы рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты, еліміздің келешегі де жарқын болады» деген сөзіне толықтай келісеміз. Әр отбасы – өзінше бір тарих. Кез келген жанұяның жетістіктері, мақтанышы мен ұстанымдары болады. Осы ұйымдастырылып отырған «Мерейлі отбасы» байқауы сол отбасылардың дарынын ашып, отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайтуға күш салады, – деп атап өтті облыс әкімі аппаратының басшысы, облыстық Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Ербол Нұрғалиев.

Шараның облыстық кезеңіне әр ауданнан оқ бойы озық шығып, жеңімпаз атанған 11 отбасы қатысқан. Оның ішінде көпбалалы ата-ана, асыраушысынан айырылған 3 бірдей баланы бауырына басқандар мен түрлі салада қызмет істейтін мамандар бар.

Жасы 80-нен асқан Өмірбек ақсақал мен Рыскүл апай – байқаудың қатысушылары.

– Осындай шараға қатысуға шақырған ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Біз 12 бала тәрбиелеп өсірдік. Жоқшылық заманда бала тәрбиесі бізге де оңай соқпады. Бірақ біз сол қиыншылықтың бәрін бірге жеңіп, бүгінде 28 немере, 18 шөбере сүйіп отырған, тамырын кеңге жайған үлкен әулетпіз. Өзіміз аянбай еңбек ете жүріп, балаларымызды оқытып-тоқыттық. Қазір сол бейнетіміздің зейнетін көріп отырмыз, – дейді олар.

Айта кету керек, ұлттық байқаудың республикалық кезеңінде облыс намысын Алтай ауданынан келген Макиленовтер отбасы қорғайтын болады. Отбасы мүшелері Ернұр мен Әсем – полиция қызметкерлері. Қиын да қызықты мамандықтарына қарамастан екеуі 3 бүлдіршін тәрбиелеп отыр.

– Біз «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінен жеңімпаз атанған болатынбыз. Енді республикалық кезеңде облысымыздың намысын қорғайтын боламыз. Бізге үміт артқан барша жандардың сенімін ақтауға тырысамыз. Баршаңызды келе жатқан «Отбасы күні» мерекесімен құттықтаймыз. Еліміздегі барлық отбасы ынтымақта, бірлікте, татулықта өмір сүрсін. Әр отбасы ұрпақ тәрбиесіне барынша көңіл бөлсе, мемлекетіміз жандана беретіні сөзсіз, – деді Әсем Макиленова.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив