Алтайда қалдық қоймасындағы шаңбасу жүйесі жетілдірілді
“Казцинк” компаниясы «Алтай» кен байыту кешеніндегі қалдық қоймасының шекарасы бойындағы шаңбасу жүйесін жаңартты. Атап айтқанда, аталған нысанның батыс жағына жаңа су шашқыштар орнатылды.
Жоғары қысымды су бүріккіштер айналымдағы суды шашыратып, жасанды жаңбыр мен қалың тұман туғызады. Қосымша қондырғылардың арқасында жағажайдың бүкіл периметрі үнемі ылғал күйде сақталады, бұл құрғақ және желді күндері де ауадағы шаңның мөлшерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Жобаның құны 160 миллион теңгеден асты. Қолданыстағы жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді – жоба іске қосылғаннан бері санитарлық-қорғау аймағының шекарасында шаң нормативтерінің асып кету жағдайлары мүлде болған жоқ.
«Алтай» кен байыту кешені байыту фабрикасының басшысы Ербол Жунуспаев суландыру үшін пайдаланылатын судың қайтарымды екендігін, яғни ол қолданыстағы тоғаннан алынып, бүркуден кейін толығымен буланып кететінін айтты.
«Алтай» кен байыту кешеніндегі тағы бір маңызды жетістік су бассейніне әсер ету деңгейін төмендету болды. Өткен жылы Малеев кенішінде тазартылған шахта суын қайта пайдалану жүйесі жетілдірілді. Бұл су кейіннен сол кеніште қолданылатын бетон-толтыру қоспасын дайындау үшін пайдаланылады. Соның арқасында шахта суының төгілуі 20 пайызға азайтылды.
Сарапшылар компанияның аяқталған жобаларын да естен шығармайтындығын атап өткен жөн. Мәселен, Грехов кеніші тоқтатылғаннан кейін шахта суы мен дренаждық ағын оның құрамын барлық стандарттарға сәйкес келтіру үшін тазарту үймереттеріне үздіксіз жеткізіледі. Соңғы уақытта «Юбилейная» штольнясынан келетін судың айтарлықтай азайғаны байқалады. Бұл гидродинамикалық жүйенің тепе-теңдік күйге түсуіне байланысты, яғни судың келуі оның шығуымен теңесті. Мамандардың бақылауы көрсеткендей, тоқтатылған Грехов кенішінің тазарту үймереттерінің жұмысы жақын арада аяқталып, қабылданған табиғат қорғау міндеттемелері толығымен орындалды деп есептеуге болады.
Айжанат Бақытқызы