KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
453.35 492.02 4.96

ШҚО-да еңбекші әйелдердің құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар күшейтіледі

5.12.2023, 17:15 125 Ләззат Қанатқызы

1991 жылдан бері елімізде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтеді. Аталмыш шара қыз-келіншектерге қатыгездік көрсету, күш қолдану, жәбірлеу, тіл тигізу, ар-намысын таптау секілді қоғамдық резонанс тудыратын қылмыстардың алдын алуға бақытталған.

Бүгін республикалық акция аясында «ШҚО Кәсіподақтар Орталығында» дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Айта кету керек, жыл сайын елімізде осы азғындықтың кесірінен кем дегенде 80-ге жуық әйел көз жұмады, 150-ге жуығы ауыр, 200-дейі орташа, 4000-нан астамы жеңіл жарақат алады. Полицияға күн сайын 300 хабарлама түсетін көрінеді.

-          Кәсіподақтың гендерлік саясатының негізгі мақсаты – мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың назарын еңбек жолындағы әйел адамдардың жағдайына аудару. Яғни, түрлі салаларда төлем, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі саласында кемсітулерді жою болып табылады. Осы орайда, республикамыздың түкпір-түкпірінде зорлық-зомбылық мәселесі өзекті тақырыптардың біріне айналып отырғанын айта кету керек. Кәсіподақтың бұл мәселеде нақты және қатаң ұстанымы бар, - деді «ШҚО кәсіподақ орталығы» АКБ төрағасы Темірбек Қасымжанов.

Ол өңірде Заң клиникасының филиалы жұмыс істейтінін де атап өтті. Онда кез келген тұрғынға Еңбек және отбасылық неке заңдары бойынша тегін құқықтық кеңес беріледі.

-          ШҚО-да әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат мәселелері жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Бұл комиссия әр аудан мен қалаларда да бар екенін атап өткім келеді. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарамауымыз керек және қоғамды да осы дүниеге үйретуіміз керек деп ойлаймын. Біз аталған комиссия мүшелерімен қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Халыққа Дағдарыс орталықтары туралы да ақпарат жетіспейді. Біздің қоғамда әйел адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап бола тұра шыдап жүре береді. Себебі көбінің барар жері жоқ. Осы орайда оларға дағдарыс орталығы қай жағынан болса да көмек бере алады, - дейді «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсету қалалық аумақтық орталығының директоры Сания Аубакирова.

ШҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдер құқығын қорғау жөніндегі аға инспекторы Алена Мокинаның айтуынша, әйелдердің көбі денсаулығына зақым келгенде немесе  өміріне қауіп төнгенде ғана полицияға жүгінетін көрінеді.

-          Жыл басынан бері өңірде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабына сәйкес 3667 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда, отбасында орын алған нәзік жандыларға қатысты зорлық-зомбылықтардың көбі жасырын күйде қалып жатады. Әйел адамдар ауыр жарақат алған кезде ғана бізге жүгінеді және көбі отбасын сақтап қалу үшін арыз жазудан бас тартады, - деді ол.

"Тәуелсіз зерттеулер орталығы" қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанар Қабидуллақызы өз кезегінде неке және отбасы құндылықтарын насихаттап, қазіргі жас отбасыларға үлгі-өнеге көрсете білу үшін түрлі іс-шаралар қолға алу керектігін атап өтті. Мәселен, ШҚО-дан бастау алған "Мерейлі отбасы" байқауы қазіргі күні республикалық деңгейде ұйымдастырылып жүр. Жанар Қабидуллақызы дәл сондай облыстық "Қазақстандық отбасы" байқауын ұйымдастыруға ниетті. 

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша резолюция қабылданды. Кәсіподақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғау шараларын енгізу мен заңды қатаңдатуды қолдайды. Осы бағытта еңбекші әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жұмыстар күшейтіледі. Сондай-ақ кәсіподақтың ішінде де, одан тыс жерде де құрметтеу мәдениеті мен теңдікті насихаттау жұмыстары жүргізіледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив