KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
487.37 532.94 5.09

Сахнаның саңлағы Саханды елі еске алды

20.12.2023, 18:04 301 Қызырбек Дүргінбайұлы

Өмірдің сахнасынан ерте қайтқан Сахан Әкелеевтің көп уақыты театр сахнасында өтті. Тағдыр жолын театрға, өмір жолын өнерге арнады. Ән әлемінде әуезді үні, кино әлемінде жарқын бейнесі қалды. Осындай талантты актер, режиссер, сазгер жерлесіміздің дүниеге келгеніне биыл 65 жыл толды.

Талантты тұлғаның мерейтойына орай жерлестері еске алу кешін өткізіп, ескі жылдардың естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Сахна саңлағының 65 жылдығына арналған «Саханның сырлы әлемі» атты еске алу кеші Пушкин атындағы облыстық кітапхана төрінде өтті. Еске алу кешінде талантты тұлғаның шығармашылық ғұмырнамасы баяндалып, өмір өрнегінен естеліктер айтылды. Рухани шараны облыстық Драма театрдың актерлары Сахан Әкелеев сахналаған «Шырмауық» қойылымының үзіндісімен бастады. Осыдан кейін кеш қонақтары сөз алып, жақсының жақсылығын, елге еткен еңбегін тілге тиек етті.

– Сахан Долдиұлы өнерде талантты, өмірде өжет өзгеше жолы бар азамат еді. Өнерді жанындай жақсы көретін актер болатын. Ұлтын жанындай жақсы көрген ұлтшыл азамат еді. Алға қойған мақасаты мен арманы бар еді. Сол армандарыңның бірі – Қабанбай батыр туралы кино түсіру болатын. Сол жолда жұмысын бастап, қолдаушыларды іздестіре бастаған-ды. Өкінішке орай, уақыт оған жеткізбеді. Саханның арманын елім дейтін бір азамат орындап, Қабанбай туралы кино түсіріп жатса біз қуанып қалар едік. Жалпы айтқанда Сахан Өскеменнің қазақ театрының дамуына ерекше үлес қосып, шығармашылық қоржынын байытып кетті, – деді қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков.

Өміріне өнерді серік еткен Сахан Долдиұлы 1958 жылы Тарбағатай ауданының Тасбастау ауылында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын «Драма және кино актеры» мамандығы бойынша, Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясын вокал мамандығы  бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ «Сарбаздар» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрған. Алматыдағы Республика сарайында өткен «Шығыс жұлдыздары» жобасының авторы әрі продюсері болды. Ал Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының директоры, көркемдік жетекшісі қызметін атқара жүріп Т. Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясы, Б. Рамазанның «Шырмауық» әлеуметтік драмасы, Б. Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясы, Б. Ұзақовтың «Жандауа» психологиялық драмасы, А.Үлімжіұлының «Шолақ қол келіншек» әпсанасын сахналап, көрермен ықыласына бөленді. 

– Сахан Әкелеев нағыз өнердің адамы еді. Сөзге шешен, іске шебер болатын. Қолына алған ісін істеп, ойына келген сөзін бетке тіке айта білетін. Өскемендегі қазақ театрының шет елдерде өнер көрсетуіне көп үлес қосып, шығармашылық репертуарын байытып кетті. Өңірдегі өнердің дамуына өзіндік үлесін қосып, артында өшпес із қалдырды, – деді ШҚО Драма театрының актрицасы, Мәдениет саласының үздігі Гүлбақыт Бақтыбаева.

Шара барысында театр актерлары Сахан Долдиұлы сахналаған тағы бір қойылым «Жандауа»-дан үзінді қойып, жианлған жұртқа өткен өмір өрнегін көрсетті. Сондай-ақ облыстық Драма тетардың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаева кеш авторының әнін әуелете салды. Айтқандайын, талантты жерлесіміз бірнеше әннің де авторы. ТМД елдері саяси әндер фестивалінің, республикалық әскери-саяси патриоттық ән фестивальдерінің және халықаралық ән байқауларының лауреаты. Сонымен қатар, көрермен қауым Сахан Долдиұлының актерлік шеберлігіне отандық «Бақытсыздар бағы» және «47 баланың анасы» телехикаялары арқылы да тәнті болған болатын.

Осылайша кітапхана шаңырағында өткен шараға жиналған жұрт Саханның сара жолын еске алып, естеліктер айтып, ән тыңдап қайтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив