KZ
Өскемен
+27°
переменная облачность жел 2 м/с, СБ
473.15 515.12 5.4

Семейде биыл тұрақтандыру қорының өнімдері сатылуда

23.01.2018, 06:11 292

Бұдан өзге де халық тығыз қоныстанған кез келген ауданды қамту үшін көлікпен шығып, саудалау да қолға алынып отыр. Әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны тұрақтандырып ұстау жыл сайын тұрақтандыру қорына жүктелетін шаруа. Соңғы 7 жылдан бері қарай қалада бұл қор жақсы жұмыс істеп келеді. Мәселен, картоп, сарымсақ, көкөніс, сәбіз, қызылша, орамжапырақтар қала тұрғындары үшін күнделікті тұтынатын тамақ өнімдері.


Семейде әзірше агрофирмадан келіп жеткен 4200 тонна көкөністің 40 пайызы саудаға шығарылды. Биыл қалада бір ғана картоп бағасы килосына 120 теңге болса, тұрақтандыру қорының халыққа ұсынатын бағасы 75 теңге болмақ. Бұл сауда орындарында сәл өзгеріп, бүгінгі таңда 83 теңгемен саудалануда. Тұрақтандыру қорының өнімдерінің сапасына да ерекше мән берілуде. Күзгі  өнім жинау барысында  топырақ құнарын азайтпау басты назарда. Тұрақтандыру қорының өнімдерін өсіретін «Приречное Агрофирмасы» үшін уақыты келгенде  жақын маңдағы елді мекендер мен аудандардан арнайы тыңайтқаштар жеткізіледі. Өнім алу бар да, оны сақтау бар. Күзге салым жиналған өнімді сақтау да өз кезегінде бір мәселе. Қыс бойы сақтаудың өзі біршама уақыт. Қазіргі күнде агрофирмадаға қоймалар мол  өнім сақтай алады. Қыстың көзі қырауда да өнім өз сапасын жоғалтпайды. Себебі, барлық қоймалар бүгінгі заманауи талаптарға сай негізделіп салынған. Агрофирма өнімі базар бағасынан әлдеқайда төмен.



Осыдан біраз бұрын Приречное ауылдық округіне арнайы келіп, науқан барысын тексерген жұмыс тобы, дәл қазіргі уақытта суармалы жерге 700 тонна қызылша, 1500 тонна сәбіз, 4600 тонна картоп, 400 тонна орамжапырақ, 800 тонна сарымсақ салынғандығын көрді.  Тұрақтандыру қоры арқылы арзан бағамен  Өскемен және Семей қаласын қамтуды қолға алған агрофирма, ұтымды жұмыс тәсілі арқылы алып сатарларсыз-ақ, халыққа қолжетімді өнім саудалауда.  Агрофирмада жиын-терім өнімдерін жұртшылық игілігіне толық жарату мақсатында соңғы жылдары мұнда өңдеу цехы да  іске қосылған екен.


- Тіпті алдын ала белгіленген кестедегі жоспарды артығымен орындап келе жатырмыз,-дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Марат Нүгеров,-біз жаңа жылдың алдында едәуір дайындық жүргіздік. Бағаны тұрақтандыруды қолға алдық. Ұзақ жылдардан бері «Приречное Агрофирмасы» тұрақтандыру қорының негізгі өкілі болып табылады. Қаланы толық қамту үшін көкөніс тиелген көлікпен шығып, Семейдегі халық тығыз қоныстанған шағын аудан жақтарға саудалауға да мүмкіндік жасадық. Егер қажет болып жатқан жағдайда, тұтынушылардың сұраныс-өтінішіне орай «Приречное Агрофирмасы» өздерінің автокөліктері арқылы шығып, сауданы рұхсат етілген жерлерде жүргізетін болмақ. Бұл басқа жақтан келетін де өнімдердің бағасы жоғарылап кетпеуіне ықпал етеді.

Айта кету керек, тұрақтандыру қоры көкөніс, картопты биыл килограмын 75 теңге бағасымен жібереді, бұл қараша айынан мамыр айына дейін қадағаланатын баға. Ал 83 теңгеден саудалау бұл сауда нүктелерінің шаруасы.  Осыған орай тұрақтандыру қорына өнімді жеткізетін агрофирма, әкімдік, сауда орындары үш жақты келісім-шартқа отырған болатын.


-Біздің мақсатымыз тұрғындар күнделікті тірліктерінде аса қажет ететін өнімдердің қорын жеткілікті көлемде дайындап беру,-деді «Приречное Агрофирмасының» директоры Мұхит Тұмабаев,-біздің өнімдер халық көп тұтынатын көкөніс, картоптарға бағаның өзгермеуіне ықпал етуі тиіс. Бұрындары  картоп, сәбіз, қырыққабат сияқты көкеніс өнімдерінің бағасы қыс маусымы басталса шарықтап кететін. Енді міне, біз іске араласқалы бері баға да тұрақтап, тұрақтандыру қорының өнімдері халық көңілінен шығып жатыр.  

1993 жылы «Приречное Агрофирмасы» Голландиямен байланыс орнатып, ауыл шаруашылық технологиясын өндіріске енгізе бастады. Үкімет сол жылдары бірнеше өңірге жеңілдікпен бөлінген технологияның шығынын өз мойнына алды әрі осы голланд тәсілімен жұмыс жасаймыз деген шаруашылықтарға несие беріп, бес жыл ішінде кері қайтару мүмкіндігін ұсынған еді. Сол сияқты мемлекет 1570 гектар жерді суаратын 24 жауындатқыш қондырғы, насос станциясын алып берді. Аталмыш су насос станцияларына тиесілі 452 млн. теңгені «Импреджило-Италия» компаниясына мемлекет бірден төлеп, қайтаруды шаруашылық үшін 25 жылға созып берген еді. Голландия - ауыл шаруашылығы өрлеген мемлекет. Жер өнімі, мал өсімі жағынан алда тұр. Голланд тәсілі бойынша топырақ күлдей ұнтақ болып ұсатылады да, біркелкі төбешікке үйіледі. Жаңа технология бойынша сол төбешіктің үстіне тұқым салады. Сондықтан да бұрындары 500-600 тонна картоп алынған жерлерден «Приречное агрофирмасы» голланд тәсілін енгізгеннен кейін жылына 6000 тонна картоп алды. Өсірілуі қиындау қырыққабат гектарына басқы кезде 25 тонна өнім берсе, екі-үш жылдан соң бұл көрсеткіш бірден 80 тоннаға көтерілді. Жоңышқа да жылына үш рет орып алынуда. Ал өнімдер болса қала халқын қыс бойы қамтамасыз етуге толық жетіп отыр.



Қала басшысы Ермак Сәлімов пен кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Марат Нүгеров бастаған топ тұрақтандыру қоры жұмыс істеп тұрған сауда орындарына арнайы барып, тауар бағаларын көріп қайтқан еді. Көкөніс өнімдерінің келісі шынымен де 83 теңгеден екен. Халыққа қолжетімді бағадағы картоп-көкөністерді тұрақты жеткізіп отыру оңай шаруа емес. Қазір қымбатшылық уақыт, нарық бағасы күн санап шарықтауда. 2011-2012  жылдардан бастап тұрақтандыру қорына жұмыс істеуге бағыт бұрған «Приречное Агрофирмасы» ЖШС-і бүгінгі таңда ел мүддесінен шығып отыр. Биыл 2017-2018 жылдары тұрақтандыру қоры арқылы мамыр айына дейін Өскеменге 5 ауыр жүк көлігі, Семейге 5 жүк көлігі шығып,  халықты арзан әрі сапалы өнімдерімен қыс бойы қамтымақ. Былтырлары екі қаланың жалпы қамтылған өнімі 5700 тоннаны құраса, биыл 7500 тоннаға жеткізілмек, өйткені сұраныс жоғары. Бұның ішінде картоп Өскемен қаласына 1600 тонна деп белгіленсе, Семейге 2050 тонна көлемінде жіберілмек. Орамжапырақпен Өскемен 750 тонна, Семей 800 тонна, сәбізбен Өскемен 300 тонна, Семей 600 тонна, қызылшамен Өскемен 100, Семей 150 тонна көлемінде қамтылатын болады. Олар облыстық әкімшіліктің қаулысымен келер жылдың мамырына дейін бекітілген баға бойынша саудаланады. Келесі жылы да осы қордың өнімдерін сатамыз деп тілек білдірген сауда орындары да баршылық.


Мәселен, «Март-сити» супермаркетінің әкімшісі Екатерина Ширяеваның айтуынша, олардың сауда орны биылдан бастап қана тұрақтандыру қорының өнімдерін саудалауды бастапты, яғни көкөніс, картоптар 83 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, Академик Павлов көшесіндегі «Барыс» дүкенінде де тұрақтандыру қорының өнімдері 83 теңгеден, сол сияқты Қабанбай батыр көшесіндегі «Адал» сауда дүкенінде де өнімдер 83 теңгеден саудалануда.


– Тұрақтандыру қоры Семейдің дүкендеріне өнімдерді жылдың төрт мезгілінде үнемі тасымалдаумен айналысуы мүмкін емес,-деді Марат Нүгеров журналистер қауымына түсіндіріп,-бір жыл бойы тұрақтандыру қорының өнімдері дүкендерде  толық болмайды. Бұл қор тек күзгі маусымдық өнімді жинағаннан кейін, сырттан тасымалданатын картоп, көкөніс бағалары шарықтаған кезде, халыққа тиімді бағада өнім ұсынатын маусымдық шара. Қалада тіпті, қазіргі тұрақтандыру қорының бағаларынан да төмен бағада өнім саудалап жатқан жерлер бар. Мәселен, Чехов көшесінің 1 және 17 үйлерінде арзан бағада өнімдер саудалайды. Сенбі-жексенбі күндері «Солтүстік» сауда-логистикалық орталығында көкөністер 80 теңгеден, тіпті орамжапырақты 65-70 теңгеге шығаратын дүкендер де баршылық. Кәсіпкерлік бөлімі баға саясатымен күн сайын айналысады. Бағаның шарықтамауын қатаң назарда ұстаймыз. Осы бағытта халықты қолжетімді тауар түрлерімен қамту үшін жыл сайын біз 900 меморандум бекітеміз. Айта кету керек, бағаның тұрақты болуына жанар-жағармай бағасы да әсер етеді.  Десе де, халықтың қамы үшін жұмыс ітсеу біздің басты міндетіміз.

2017-2018 жылға 4200 тонна картоп, көкніс өнімдері сатылады деп жоспарланған екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 тонна артық. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Наталья Егоренконың айтуынша, биыл өнімдер 83 теңгеден сатылуда, 35 сауда орыны осы іске жұмыла кірісуде. Сол жағалауда 16, оң жағалауда 19 сауда нүктелері бар. Сауда орындарының толық тізімі қала әкімінің веб-сайтында тұр. Тұрақтандыру қорының өнімдерін саудалау мамыр айының 15-іне дейін жалғаспақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив