KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, З
448.56 478.03 4.79

Өскеменде Мұзтаудың мұзбалағы Оралхан Бөкейге ескерткіш қойылды

1.09.2013, 18:00 182


Туған өлкесіне қара сөздің жауһарынан мәңгі ескерткіш орнатқан Мұзтаудың мұзбалағы Оралхан Бөкейге Шығыс жұрты мәрмәрдан ескерткіш тұрғызды. Өскемендегі Комсомол көшесінің бойына орнатылған ескерткіш Ата Заңды ұлықтаған ұлық мереке күні ашылып, бұл салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірге елімізге танымал ақын-жазушылар қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы шағын алаңға таң сәріден сол маңда тұратын ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталар жинала бастады.


Өскеменде Мұзтаудың мұзбалағы Оралхан Бөкейге ескерткіш қойылдыЕскерткіш айналасына орнатылған орындықтарға жайғасқан қариялар аталмыш ауданға осындай ел рухын көтерер бір ескерткіш баяғыдан қажет болғанын айтысып жатты. Осы аудандағы қаламгердің атын алған № 44 мектеп оқушылары жаңа оқу жылын Оралхан ескерткішінің алдындағы салтанатты сабақтан бастауға мүмкіндік алды. Салтанатты сабақ деуіміздің себебі бар. Ескерткіштің ашылуында сөз алған жазушының үзеңгілес інілері мен замандастары Төр Алтайдың тума таланты жайында жарқын естеліктерімен бөлісіп, шығармашылығы туралы тұщымды әңгіме қозғады.

Өскеменде Мұзтаудың мұзбалағы Оралхан Бөкейге ескерткіш қойылдыӘуелі оқушылар арасындағы көркемсөз сайыстарының жеңімпаздары Маржан Мүслімбекова мен Қаракөз Әбенова сөз зергерінің туындыларынан үзінділер оқыды. Құттықтау сөз алған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев қара сөздің қамшыгеріне арналған ескерткіштің орны неліктен Комсомол көшесінің бойынан таңдап алынғанын айтып өтті.
– Әдебиет аспанында жарық жұлдыздай жарқырап өткен Оралхан Бөкейұлының біз үшін орны бөлек. Қазақ елін әлемге танытатын, оның мерейін үстем етіп, атағын асқақтататын санаулы дүниенің бірі – әдебиет. Сол әдебиеттің жарқын өкілі болған жерлесіміз әрбір шығармасында туған ел мен жерді сүюді насихаттағанын баршаңыз жақсы білесіздер. Болашақ ұрпақ жазушының аса мәнді шығармашылығынан өнеге алсын, елім деп өткен ердің есімі халық жадында қалсын деп, жазушының ұлт мүддесі үшін атқарған еңбектерін ескере келе, жетпіс жылдық мерейтойына орай бірнеше ескерткіш орнатсақ деген шешімге келгенбіз. Соның бірі бүгін ашылғалы отырса, енді бірі Оралханның өзі туған Катонқарағайда бой көтерді. Бүгін ашылатын ескерткіштің орны әдейі таңдап алынды. Қарасаңыздар, ескерткіш орна-ласқан аумақты екі жағынан тау қоршап тұр. Оның үстінде осы ауданда қаламгердің атындағы мектеп бар. Ең бастысы, қаланың бұл бөлігі ерекше дамып келе жатыр. Сондықтан ертең бұл ескерткіш қаланың ең бір көрнекті орнына айналады. Елу жыл ғана ғұмырында артына үлкен із қалдырған жерлесіміз мәңгі есімізде. Бұл ескерткіш – соның дәлелі, – деді ол.

Қазақтың біртуар ұлымен пікірлес болған Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов қаламдасының туған өлкесінде ескерткіші ашылып жатқанына қуанышты екенін айтты.

– Алтайдың жыршысы атанған Оралханмен 15 жыл бойы көрші тұрдық. Әдебиеттегі пікірлес, сыйлас жандардың бірі еді. Бүгін мерейтойға арналған ескерткішін көріп, қатты қуанып тұрмын. Ақын мен жазушыға көрсеткен құрмет – ұлтқа деген құрмет. Конституция күні жерлестеріңізді әспеттеп жатқандарыңызға рақмет. Осынау ескерткіш қойылған көше комсомолдардың атында екен. Алдағы уақытта осы көше ескерткіш иесінің атын иеленсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді қаламгер.

Бұдан кейін сөз алған жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы да жазушының өзге қаламдастарынан артықшылығын атап, осы игі шараға мұрындық болған облыс басшылығына алғыс білдірді. Ақын Аслан Ғафуровтың арнауынан кейін мүсіншілер Евгений Непиянов пен Владимир Самойлов қашаған ескерткіш салтанатты түрде ашылып, гүл шоқтары қойылды. Шығармашыл қауым еңселі ескерткіштің талғаммен қашалғанын ерекше атады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Суреттерді түсірген Е.Орынбаев

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив